Еңбегі ерен мұнайшы

image.png

      Еңбек адамы – қоғамның нағыз тірегі. Ол өз маңдай терімен, адал еңбегімен дамудың, өсіп-өркендеудің негізін қалайды. Қай саланы алсақ та, еңбексүйгіш жандардың арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Қоғамның дамуы мен алға қарай өркендеуінде әрбір мамандықтың, әр еңбектің өз орны бар. Әсіресе, қарапайым еңбек адамдарының еңбегі ерекше құрметке лайық. 

      Ұлан ғасыр даламыздың қойнауынан қуат өндіретін жандар бар. Олар еліміздің тірегі, халқымыздың мақтанышы -  мұнайшылар. Әр тамшы тер - еліміздің дамуына қосылған үлес. Мұнайшы еңбегінің арқасында әр үйде жарық бар, әр ошақта жылу бар. Олардың қолынан туған күш халыққа берекелі тіршілік сыйлайды. Еңбегімен ел  дамуына үлес қосып жүрген жанның бірі - Мәлік Кендірбаев. Ол Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы автоматтандырылған нүктелі құю қондырғысының операторы. Компанияда 25 жылдан бері еңбек ететін Мәлік Ордабекұлы өз жұмысын жауапкершілік пен қауіпсіздікке негізделген әрі шыдамдылықты талап ететін кәсіп деп есептейді. «Биыл зауыттың іске қосылғанына 40 жыл толып  отыр. Осы ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде зауыт алға жылжып, үлкен нәтижелер көрсетіп келеді. Бүгінде компания инфрақұрылымды жаңартып, заманауи технологияларды ендіріп, қарқынды жұмыс атқаруда. Көмірсутек буын рекуперациялау блогымен жабдықталған автоматтандырылған нүктелі құю қондырғысы 2017 жылы Қазақстан бойынша Шымкенттегі "ПетроҚазақстан Ойл Продактс"  компаниясында алғаш рет іске қосылған болатын. Жүйе мұнай өнімдерін саңылаусыз құюды қамтамасыз етеді.  Автоматтандырылған қондырғы экологиялық талаптарды ескере отырып жобаланып, салынған. Қондырғы технологиясы жолдың екі бөлек нүктелері бойынша мұнай өнімдерін вагон-цистерналарға әр қайсысы телескопиялық жабдықтар арқылы сағатына 730 м3 өнімділікпен саңылаусыз құюды қамтамасыз етеді. Бұл технология көмірсутек буларының атмосфераға шығуын болдырмайды. Мұнай өнімдерін нүктелік құятын, автоматтандырылған қондырғының бензин құю бойынша қуаты жылына 2,5 миллион тоннаны құрайды. Осы заманауи қондырғының арқасында мұнай өнімдерін құю процесі кезінде ауаға шығатын зиянды заттар таралмауда. Яғни қаламыздың қоршаған ортасына және зауыт қызметкерлерінің денсаулығына зиян келмеуде. Әрі бұл автоматтандырылған жұмыс қызметкерлердің алтын уақытын үнемдейді. Уақытты ғана емес мұнай өнімдерін де ысырап етпейді. Себебі бұрын бұл жұмыс адамның қолымен атқарылатын. Құю кезінде өнімнің сыртқа төгілуі қалыпты жағдай еді. Ал қазір жаңа технологияның арқасында тіпті, бір тамшы өнім жерге төгілмейді.   Бүгінгі таңда жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған, бірақ мұнай өндіру ісі — әлі де көп еңбекті қажет ететін процесс. Қиындықтарға қарамастан, мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Ең бастысы — жұмысты бар ынтамен атқару қажет. Оның нәтижесі бүкіл ұжымға әсер етеді. Әр мамандықтың өзіне тән ерекшеліктері мен талаптары болады. Менің мамандығым жауапкершілік пен талаптылық, қауіпсіздік пен шыдамдылықты талап етеді. Маған өз мамандығым, жұмысым ұнайды. Күнделікті өндіріске қажетті жұмысты атқарып, ортақ іске титтей де болса өз үлесіңді қосқанда бар қиындықты ұмытып өз кәсібіңнен ләззат аласың. Иә, «Әр істің шала білгірі болғанша, бір істің дана білгірі бол» демекші, мен үшін салада білікті маман ретінде қызметімді абыроймен атқару маңызды» , — дейді кейіпкеріміз. Оның күнделікті атқаратын жұмысы өндіріс процесінің үздіксіз әрі қауіпсіз жүруін қамтамасыз етумен тікелей байланысты.

       Мәлік Кендірбаев  жас мамандарды өз ісіне адал болуға шақырып, мол тәжірибесі мен білімін үйретуден жалықпайды. «Мақсатым – жігерлі жас мамандар даярлап, ғасырлық тарих көшін алға жетелеп, компанияның даму стратегиясын жүзеге асыруда өзіндік қолтаңбамды қалдыру. Сондықтан, жастарға білгенімді үйретіп, тәлімгерлікке басымдық беріп келемін. Жас мамандарға үздіксіз білім алу және жаңа технологияларды игеріп,  ел игілігі үшін еңбек етуге кеңес беремін.  Мұнайшы деген уақытпен санаспайтын мамандық. Жалпы табиғи байлықпен жұмыс жасайтын адам, ол балықшы ма, ол мұнайшы ма, кенші ма бәрібір – ол сауатты болу керек. Сондықтан жаңа технологияларды зерттеп, меңгеруден қашпаңыздар. Себебі ізденімпаздық маманды алға жетелейді, жұмысын шыңдайды», — дейді ағамыз.

       Мәлік Ордабекұлының   өз ісіне адалдығы мен жаңашылдыққа құмарпаздығы кейінгі ұрпаққа үлгі. Бұл өз ісіне адалдықтың, табандылықтың және кәсіби өсуге деген үздіксіз ұмтылыстың нәтижесі.

     Жалпы, мұнайшылар адал еңбегімен елдің экономикалық әлеуетін дамытуға ғана емес, өңірлердің әл-ауқатын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осындай, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар арқылы ұлт сапасы артып, еліміздің экономикалық әлеуеті одан әрі дами түсері анық. Мұнай саласы болашаққа жол ашатын кәсіп. Жастар үшін бұл тек жұмыс емес, еліміздің алға  сүйретін  миссия.

    Мұнайшы мамандығы – қажырлы еңбек пен табандылықты қажет ететін, ел экономикасының өзегін құрайтын жауапты сала. Сол себепті еңбек адамына құрмет көрсету – ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың, жас буынға сенім мен жігер берудің айқын көрінісі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өтті
  • В Шымкенте прошли торжественные мероприятия, посвящённые Дню Республики Казахстан
  • Шымкентской молодежи помогают с трудоустройством
  • Еңбегі ерен мұнайшы
  • Өндіріс өрінде 33 жыл
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер