Жұмысшы мамандары — елдің экономикасын алға сүйрейтін басты күш. Олардың еңбегі — ел болашағының кепілі. Әрбір зауытта, әрбір цехта, әрбір құрылыс алаңында жүрген еңбек адамдары — Қазақстанның нағыз батырлары. Оларсыз өндіріс те, өмір де тоқтап қалар еді. Сондықтан еңбек адамын қадірлеу — елді сүюмен пара-пар.
Бүгінгі кейіпкеріміз «Асыл тастан ақыл жастан» деген мақалды еске түсіреді. Себебі оның күнделікті қызметі өзгелер түсіне бермейтін автоматика, заманауи қондырғы, түрлі тетіктермен байланысты. Жаңа дәуірдің жаңа техникасын бес саусағындай меңгерген еңбек адамы бүгінде таптырмайтын маманның бірі. Әңгімеміз «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС (ПКОП) бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика цехының аспапшысы Кирилл Егунов жайлы өрбуде. 22 жастағы маман Шымкент мұнай өңдеу зауытында жұмысын 2022 жылы бастаған. Жастайынан техникаға құмар болып, түрлі заттарды жөндеуге, құрастыруға әуес болып өскен ол бала күнгі арманын жүзеге асыру үшін Оңтүстік Қазақстан Политехникалық колледжіне түседі. Адам өмірінде екі нәрседен адаспау керек дейді. Соның бірі - мамандық таңдау. Ия, ол мамандық таңдаудан шатасқан жоқ. Сүйікті оқуын бітіргеннен кейін аталған зауытқа жас маман ретінде жұмысқа орналасып, табысты еңбек жолын бастайды.
Ол технологиялық процестерді автоматтандыру негіздерін зерттеді. Бүгінгі таңда кәсіпорынның апатсыз және тұрақты жұмысы осы цехтың қызметкерлеріне байланысты. Кирилл осындай үлкен өндірісте жұмыс істейтінін және мұнай өңдеу саласының дамуына үлес қосатынын мақтан тұтады. Цифрландыру дәуірінде жас маманның атқаратын жұмысы үздіксіз оқуды және дағдыларды үнемі жетілдіруді қажет етеді.
Еңбек адамы — елдің тірегі, ұлттың ұжданы. Әрбір еңбек иесінің маңдай тері мен табанды еңбегі — Қазақстанның жарқын болашағының негізі. Сондықтан да біз еңбек адамын құрметтеуді, олардың еңбегін бағалауды басты парыз деп білуіміз керек.