Қазақстан мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткізеді. Атырау, Павлодар, Шымкент қалаларындағы 3 ірі кәсіпорын жаңғыртылды. Нәтижесінде ішкі нарықты сапалы жанар-жағармаймен толық қамтуға мүмкіндік туды. 13 миллионға жуық адам табиғи газға қол жеткізді. Ел дамуының қуатты қозғаушы күші - мұнай-газ химиясы. Қазақстанда алғашқы қара алтынның табылғанына 125 жылдан асты. Осы уақыт аралығында сала сапалы түрде дамыды. Пластмасса, полимер, тыңайтқыш, отын, медицина мен тұрмыста қолданылатын мыңдаған өнім осы саладан бастау алады. Осындай әдемі сандардың сөйлеуіне осы салада аянбай тер төгіп жүрген 200 мыңнан астам адамның табанды еңбегі тікелей әсер етіп отыр десек артық айтқанымыз емес.
Қыркүйек айында Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ кешені ел экономикасының аса маңызды саласы екенін атап өткен болатын. «Сіздер осы салада адал еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына мол үлес қосып келесіздер. Бұл нағыз еңбек адамдарына тән қасиет деп санаймын. Жалпы, еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібінің өзіндік дәстүрі, бай тарихы бар. Осы саланың қалыптасып, өркендеуіне бірнеше буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Сіздерді аға буынның лайықты ізбасары деуге болады. Қазір мұнай-газ саласында екі жүз мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Қазақстанымыз өркендеп, көркеюде. Мен мұны жоғары бағалаймын. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ия, расында да мұнайшылардың ел дамуына қосып отырған үлестері ұшан-теңіз. Мұнай өңдеу саласында тер төгіп жүрген әрбір маманның еңбегі біз үшін қымбат. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында да бүгінде жүздеген жұмысшылар қара алтынды игеріп келеді. Олардың қатарында Дәурен Сәрсенбаев та бар. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» зауытындағы каталитикалық крекинг қондырғысының аға операторы жас та болса бұл салада тәжірибесі мол маман.
«Жалпы өзім каталитикалық крекинг қондырғының аға операторы болып қызмет етіп жүргеніме 3 жыл болды. Ондағы негізгі біздің мақсатымыз мұнай қалдықтарын қайта өңдеу барысында ақаусыз жұмыс істеуін қадағалау. Каталитикалық крекинг қондырғысы зауытта 2018 жылғы модернизация жұмыстарынан кейін орнатылған болатын. Біздің цех мұнайдың ауыр қалдықтарынан жеңіл бензин және сұйытылған газ өнімдерін алумен айналысады. Жұмысым, мамандығым өзіме ұнайды. Мұнай өңдеу саласының ауырлығы да, қызығы да көп. Қара алтыннан адамзаттың пайдасына жарайтын түрлі өнімдерді алу процесі мен үшін ерекше бір әлем, үлкен ғылым. Бұл саланы зерттей берсең қызығы көп. Жұмыс барысында ең бастысы өз міндетіңе адал болу, қызметіңе жауапкершілікпен қарау. Қателікке жол бермей, жұмысыңды мінсіз атқарсаң өнім де сапалы болмақ. Зауытта әр жұмысшы өз басының қауіпсіздігін де бірінші орынға қойғаны жөн. Сондай-ақ сапаға жұмыс істеу маманға лайықты іс»,- деген кейіпкеріміз күнделікті жұмыс істеп жүрген қондырғы мен өз міндетін жақсылап түсіндіріп берді. «Мұнайды әртүрлі бөліктерден (молекулалардан) тұратын күрделі пазл деп елестетіп көріңіз. Каталитикалық крекинг — осы пазл жеке бөліктерге бөлінетін, содан кейін оларды жаңа кескіндерге (өнімдерге) жинауға болатын процесс. Каталитикалық крекинг барысында келесі негізгі реакциялар жүреді: С-С (көміртек-көміртек) байланысының үзілуі, сутектің қайта бөлінуі (гидрациялау және дегидрациялау), деалкилдену, дегидроциклизация, полимерлеу, конденсация. Қуаты жылына 2 миллион тонна шикізат өңдейтін RFCC каталитикалық крекинг қондырғысы UOP компаниясының (АҚШ) технологиясы бойынша жобаланып, құрастырылды. Тікелей айдалған мазутты қабылдағанға дейін отындық газ, электр энергиясы, салқындататын су, БӨА ауасы, азот және су буы сияқты энергоресурстарды тұрақты қабылдау қамтамасыз етілді, энергетика жабдықтары, БӨА дала аспаптары іске қосылды, технологиялық процесті және апатқа қарсы қорғанысты, мазуттың циркуляциясын басқаратын үлестірілген жүйесі іске қосылды. RFCC каталитикалық крекинг кешенін іске қосылғаннан кейін зауытта шикізатты өңдеу тереңдігін жоғарылатуға, сапасы бойынша К-4 және К-5 экологиялық кластарына сәйкес келетін автомобиль отындарын (бензин, дизель) шығаруға мүмкіндік берді»,- дейді маман.
Заманауи техника, ғылым бір орында тұрмайды. Сондықтан қандай маман болсын білімін жетілдіріп, жаңа технологияны меңгергені абзал. Кейіпкеріміз де біліктілігін жоғарылатып тұратынын айтады. «Зауыт басшылығы қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру мақсатында жұмысшыларды оқытып тұрады. Мысалы біздер жақында цифрлық сауаттылық, техникалық қауіпсіздік және алғашқы медициналық көмек көрсету салалары бойынша оқып, білімімізді жетілдірдік. Бұл біздің кәсіби іскерлігімізді , ұжыммен қарым-қатынасымызды одан ары дамытуға үлкен септігін тигізді деп ойлаймын»,- дейді ол.
Қай салада болмасын, нағыз даму нақты еңбекпен келеді. Ал еңбек ететін – жұмысшы. Сондықтан жұмысшы мамандығын тек кәсіп емес, елге қызмет етудің бір жолы деп түсінуіміз керек. Осы кәсіп иелеріне құрметпен қарап, олардың еңбегін бағалау – әрбір саналы азаматтың парызы. Жұмысшы – елдің болашағын салатын адам. Еңбек адамына деген құрмет те, қолдау да ешқашан аз болмауы тиіс.
Қауіп пен тәуекел, төгілген тер мұнайшылардың бетпе-бет келетін күнделікті жұмысы. Олардың басты мақсаты еліміздің экономикасын дамыту. Қарапайым бірақ қажырлы еңбек адамдары мұнайшыларымыздың қадірі қашанда биік бола берсін дейміз.