Мемлекеттің гүлденуі, қоғамның дамуы әр адамның өз ісіне деген жауапкершілігі мен сүйспеншілігіне және ақ-адал еңбегіне байланысты. Сол себепті де Президент пәрмен беріп, биылғы жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысы: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек», – дегенді шегелеп айтты.
Электр қуатын таратудың сенімділігі өндірістегі әрбір детальға байланысты. Сол үшін трансформатор зауытында жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Соның бірі – оператор. Күнделікті жұмысы үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Оператор әрбір станок пен құрылғының дұрыс жұмыс істеуін бақылайды. Металлды кесу, орау секілді кезеңнің барлығы автоматтандырылған. Бірақ құрылғыларды басқарып, қателік жібермеу – оператордың басты міндеті.
Орта Азиядағы теңдесі жоқ Шымкенттегі бірегей зауыттардың бірі - «Азия Трафо» бүгінде заманауи, сапалы трансформатор өндіреді. Жұмысы бір сәтке де тоқтамайтын зауытта жүздеген жұмысшылар, мамандар аянбай тер төгіп келеді. Соның ішінде оператордың қызметі аса жауапты. Себебі өнімнің сапасы тікелей осы маманға байланысты. Саян Тойымбетов аталған зауытта 7 жылдан бері оператор-реттеуші болып еңбек етіп келеді. Ол өз жұмысын адал атқаратын, жауапты жұмысшы ретінде әріптестері арасында құрметке лайықты кадр. Білікті маманға қашанда сұраныс болады. Кейіпкеріміз алғаш еңбек жолын 2006 жылы Кентау қаласындағы трансформатор зауытында бастаған. «Жұмысқа алғаш кіргенімде «үйренуші» болдым. Себебі бұрын-соңды трансформатор зауытында жұмыс істеп көрмеген едім. Бір жылдан кейін білімнің қаншалықты маңызды екенін ұғынып, Кентаудағы колледжге техникалық мамандыққа оқуға түсіп, бітіріп шықтым. Сөйтіп кәсіби маман атанып, жұмысымды жалғастырдым. 2018 жылы Шымкенттегі «Азия Трафо» зауытына маман ретінде жұмысқа шақырту алдым. Әрине, қуана қабыл алдым. Мұнда қондырғылардың барлығы заманауи, жаңа. Щвейцариядан, Ресейден, Қытайдан әкелінген станоктар, аппараттар бар. Жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Жұмысым өзіме ұнайды. Жауапкершілігі зор: әрбір минут-сағатымыз есептеулі, берілген схемамен жұмыс істейміз. Жұмысты бір минут тоқтатуға болмайды, өйткені бір станокта жұмыс тоқтаса, не ақау пайда болса ол келесі станокты тоқтатып қояды. Ол процесс бүкіл зауыттың жұмысына әсер етуі мүмкін. Өндіріс деген түрлі операциялардан тұратын тізбекті жұмыс»,- дейді кейіпкеріміз.
Трансформатор шығару – ұжымдық жұмыс. Әр маман өз бөлшегі үшін жауап береді. Бір тетігі дұрыс жасалмаса, дайын өнімді бұзуға тура келеді. Трансформатор жасаудың ең алғашқы сатысы осы операторлардың қолынан өтеді. Кейіннен екінші, үшінші сатыға өтіп, басқа да мамандардың қолына тапсырылады. Сондықтан оператордың қателікке бой алдырмауы аса маңызды. «Станоктар арқылы трансформатордың бөліктерін кесеміз. Әр өнімнің өзіне сай металл мен өлшемі болады. Арнайы мамандар дайындаған эскизге қарап, әр бөлшекті миллиметріне дейін өлшеп, кесеміз. Өнімдеріміздің сапасына қатты мән береміз. Барлығы мемлекеттік стандарттарға сай болуы керек»,- дейді ол.
Білім алу әрбір адамның өміріндегі ең маңыздың қадамның бірі. Ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, мамандықты игеруге, кәсіби шыңдалуға негіз болады. 2006 жылдан бері үздіксіз ізденіс пен өзін-өзі жетілдіріп отыру арқылы Саян Тойымбетов уақыт табалына сай білікті маманға айналды. «Еңбек жолымды бастағанда бірінші разрядты оператор едім, қазір 5 разраядқа дейін көтерілдім. Әр маман сатылап өсіп, өндірістің барлық кезеңдерінен өтсе нағыз, шынайы маман болып шығады»,- дейді оператор.
Кезінде өзі де тәжірибелі мамандардан тәлім алған кейіпкеріміз қазір өзі де шәкірт тәрбиелейді. «Жұмысқа келген жас мамандарды 3 ай оқудан өткіземіз. Өзім барлығын үйретіп, маман етіп дайындаймын. Үш ай тәжірибеден кейін олардан емтихан алып, разряд береміз. Шәкірттерімнің біразы осы жерде жұмыс істесе, біразы еліміздің түкпір-түкпірінде табысты қызмет етуде. Еңбек түбі береке деген ғой, еңбектің жаманы жоқ. Жастарымыз өндірістің қыр-сырын үйренуі керек»,- дейді Саян Тойымбетов.
Зауытта жасалған әрбір трансформатордың сапасы осы мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан операторлар үнемі жаңа технологияны меңгеріп, машықтарын жетілдіріп отырады.
Еңбек бәрін жеңбек. Қоғамдағы ең қадырлі жан – еңбек адамы. Зауыттың ыстығы мен суығына төзіп, жетістігіне қуанып жүрген маман үйде үш ұлдың әкесі және асыл жар. Екі ұлы өз алдына шаңырақ көтеріп, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырса, кіші ұлы мектеп қабырғасында оқиды. Кенжесі әкесінің жолын қуып, техникалық мамандықты таңдапты. Шымқаладағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан ниверсиетіне инженер мамандығына оқуға түсуді жоспарлап отырған көрінеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, кейіпкеріміз ұлының жолын қуатынына шексіз қуанышты.
Саян Тойымбетов - өзінің тәжірибесі мен көшбасшылық қабілеттері арқылы отандық электротехникалық өнеркәсіптің дамуына және өндірістік инфрақұрылымның кеңеюіне елеулі үлес қосып келеді.
Шынтуайтына келгенде, қоғамда істеген ісіне адал, еңбекқор, жауапты, әділетті азамат бейнесін дәл осындай қарапайым жұмысшылар жасайды. Шымкенттің қарқынды дамуы – еңбек адамының қажырлы еңбегінің жемісі. Әрбір жаңа өндіріс орны, әрбір шығарылған өнім – жұмысшылардың қолымен жасалады. Демек, елдің экономикалық өсімі мен әлеуметтік тұрақтылығы дәл осы қарапайым еңбек адамдарының арқасында жүзеге асады.