Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен Шымсити шағынауданында Түркия көшесі атауы берілген тақтайша орнатылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты жиын басында қала әкімі іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар алғашқы күннен достық пен бірлікке бастаған тұрақты байланыстарымыздың берік негізін қалаған. Түркия Республикасының 100 жылдығына орай, қала көшелерінің біріне «Түркия» атауын беріп отырмыз. Бұл көше қаламыздағы ең жаңа әрі үлкен шағынауданда орналасқан. Осындай іс-шаралар Қазақстан мен Түркиядай бауырлас елдердің достығын нығайтуға, бір-біріне деген құрметін арттыруға септігін тигізетініне сеніміміз мол, – деді қала басшысы.
Түркия көшесінің ашылуына Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Эврен Мюдеррисоглу, шымкенттік зиялы қауым өкілдері, түрік диаспорасы мен ақын, Физули атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Құрал Көмек және көше тұрғындары қатысты.
Айта кетері, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас ел Түркия Республикасының 100 жылдығына орай, қаладағы 11 шағынауданда орналасқан саябаққа «Қазақстан–Түркия достығы» атауы берілді.
Айта кетері, екі жыл бұрын Шымкент пен Түркияның Адана қаласы бауырлас қала атанған болатын. Шымкенттің бауырлас қалаларының санатында 9 қала болса, оның ішінде Түркия Республикасының Измир және Эскишехир қалалары да бар.