"Таза қала — өзіңнен басталады" атты акция аясында Шымкент қаласы бойынша кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Сенбіліктің аясында Бадам өзенінің Еңбекші ауданы Бадам-1 тұрғын алабының жанынан ағып өтетін тұсы тазаланды.
Өзеннің сағасында өткен тазалық шарасына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысты. Қуаныш Жұмабекұлы қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың, экологиялық мәдениет қалыптастырудың маңызына тоқталып, сенбіліктің қатысушыларына алғыс айтты.
Бадам өзенінің жағалауын тазалауға Еңбекші ауданы әкімдігінің, қала әкімдігіне қарасты бірқатар салалық басқармалардың басшылары мен қызметкерлері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен ерікті жастар, сондай-ақ, «Группа интеко» ЖШС-і жұмысшылары, жалпы 700-ден астам адам қатысты.
Айта кетейік, қазан айының басында басталған "Таза қала — өзіңнен басталады" акциясы аясында әр апта сайын жалпықалалық сенбіліктер өткізіліп келеді. Акция қараша айында да жалғасады деп жоспарланған.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен 7 қазан күнінен бастап «Таза қала — өзіңнен басталады» атты акциясы аясында жалпықалалық сенбіліктер басталады. Бұл акция қазан-қараша айларында тұрақты түрде жалғасады.
Акция аясындағы алғашқы сенбілік барысында Шымкент қаласы әкімдігінің құрылымдық басқармалары және аумақтық органдары тазалық жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізеді. Ал, аудан әкімдіктері қоқыс жинақталған орындар мен Бадам өзенінің жағалауын тазалауға жауапты болады.