Шымкент халқының тұрмыс деңгейі 5,1 пйызға өскен. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев айтты.
«2023 жылғы II тоқсанда Шымкент халқының жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары, орташа бір айдағы бағалау бойынша, 110 986 теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 21,1% өссе, нақты ақшалай табыстар 5,1%-ға өскендігін көрсетеді.
Үй шаруашылықтардағы ақшалай табыстардың негізгі көзі еңбек қызметінен түсетін табыстар болып анықталды. Нақтырақ жалдамалы жұмыстан және өз бетінше жұмыспен қамтылудан түскен табыстар болып есептелінеді», - деді спикер.
Сонымен қатар, еңбек нарығы және еңбекақы төлеу бойынша халықтың жұмыспен қамтылуын зерттейтін сауалнама нәтижелеріне сәйкес 2023 жылғы II тоқсанда жұмыссыздар саны 21 845 адамды құрап отыр. Бұл 2022 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда 795 адамға кеміді және жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады.
Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2023 жылғы қыркүйектің соңына 15681 адамды құрады. Бүгінде жұмыс күшінің санына 3,5% болып қалыптасты.
Жұмыссыздықты азайту мақсатында қолға алынып отырған мемлекеттік бағдарламалар Шымкентте өз нәтижесін беруде. Биыл қалада 57 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады. Жастардың кәсіппен айналысуына да жол ашылады. Бизнес бастауға қолдау ретінде «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы микрокредиттер беріледі. Жалпы, қала бойынша биыл 261 адамға микрокредит беру жоспарланып, бұл мақсатқа 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген.