Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Сайрам тұрғын алабындағы 3 кезең бойынша жүргізіліп жатқан сапалы ауыз су құбырының құрылыс барысын тексерді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда аталған құрылыстың екі кезеңі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Екі кезеңде 99,5 шақырым ауыз су құбыры тартылуы қажет. Бүгінде жұмыстың 83 пайызы аяқталған. Құрылыс жұмыстары біткен соң, 6 860 абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Жалпы, ауыз су жүйелерінің ұзындығы 100,9 шақырымды құрайды. Үшінші кезең аяқталғаннан кейін 10 965 абонент ауыз су жүйесіне қосылады. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін толық бітіру жоспарланған.
Құрылысты «Мелиоратор» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Қала басшысы жауаптыларға құрылысты сапалы аяқтап, мерзімінде атқару бойынша тапсырма жүктеді.
Қалада осы жылы сапалы ауыз сумен толық қамту мақсатында 6 нысанда су құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асуда. Нәтижесінде, 2023 жыл қорытындысында 72 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, көрсеткіш 98,5%-дан 100%-ға жетеді.
Сондай-ақ, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметі бойынша қазіргі таңда Шымкент қаласының солтүстік аумағын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында «Шымкент қаласы Тұран ықшам ауданынан тазарту құрылысына дейін Алматы трассасының бойында кәріз коллекторының құрылысы» жүруде.
Нысан бойынша мердігер мекеме “Сарыағаш- Аман” ЖШС-мен мамыр айының 24-не №33 келісім шарт түзіліп құрылыс жұмыстары басталды. Кәріз коллекторының жалпы ұзындығы-20 шақырым.
Құрылыс ұзақтығы-23 ай.Осы уақытқа дейін жұмыстың 37% аяқталған.
Аталған нысанның құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың 4 тоқсанында аяқтап, қолданысқа берілетін болады.