Шымкентте жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесі пайдалануға берілді. Үш қабатты орталықта бір мезетте 70 адамға қызмет көрсетіледі. Заманауи талапқа сай жадбықталған ғимаратта түрлі ем шараларын алып, демалу үшін барлық жағдай жасалған.
Демалушылар үшін ғимаратта арнайы электромагнитті терапия бөлмесі, дәрілік шөп тұнбалары ұсынылатын фито бар, сумен емдеу орталықтары, кітапхана, мәжіліс залы қарастырылған.
Орталықта жыл сайын 2 мыңнан аса ардагерге санаториялық қызметтер көрсетілетін болады. Санитарлы-гигиеналық, мәдени іс-шаралар демалушылардың денсаулығына, жас ерекшеліктері мен қызығушылығына қарай жүргізіледі.
Айта кетейік, қалада бүгінде 88 030 зейнеткер тұрады. Биылдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды. Жыл басынан бері 4 мыңға жуық адам еліміздегі түрлі шипажайларға жолдама алған.
Жыл соңына дейін мыңнан аса зейнеткерді оңалту шараларымен қамту жоспарлануда.
Айта кетері Шымкентте бұған дейін зейнеткерлерге арналған Белсенді өмір сүру әлеуметтік-медициналық орталығы ашылған болатын. Сауықтыру мекемесінде 300-ге жуық зейнеткерге күнделікті 2 ауысымда 4 сағаттық арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Күн тәртібі дәрігерлік тексеруден басталады. Қарияларға қызмет көрсету үшін кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлері жұмылдырылған. Бұл жерде емдік дене шынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисі, тренажерлық жаттығулар да қаралған. Қызмет алушылардың кино, сенсорлық бөлме, кітапханада демалуға мүмкіншіліктері бар. Белсенді өмір сүру ұзақтығын қалыптастыру мақсатында дендросаябаққа, театр және спорт кешені мен бассейнге бару кестесі түзілген.