Келесі жылы Шымкент қаласы Тұран ауданында Жастар ресурстық орталығын ашу жоспарланған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық- коммуникациялық орталығында өткен баспасөз конференциясында ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Кеуенова Мөлдір Тұрсынбекқызы айтты.
Бүгінде Шымкент қаласы аумағында 14 пен 35 жас аралығында 381796 жас бар. Бұл жалпы қала тұрғындарының 32% құрайды.
Қалада 2023-2024 оқу жылында 261 мектепте 265 мыңға жуық оқушы, 8 жоғары оқу орнында 74 451 студент және 38 орта арнаулы оқу орнында 49 493 студент білім алуда.
«Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бекітілген жастарға қызмет көрсету бойынша нысаналы индикаторларын орындау мақсатында әлеуметтік және мемлекеттік тапсырыс негізінде 32 жоба қарастырылған.
Бүгінде аудандарда Жастар ресурстық орталықтары ашылып, өз жұмыстарын жасауда. 2024 жылы жаңадан құрылған Тұран ауданынан да жастар ресурстық орталығын ашу жоспарлануда», — деді Мөлдір Кеуенова.
Бүгінде аудандық жастар ресурстық орталықтарының қызметі 5 бағытқа негізделген.
Олар жастарға қызмет көрсету бағыты; талантты жастарды қолдау бағыты; коворкинг орталығы; шағын кітапхана; психологиялық кеңес беру.
Жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмыстарды жүзеге асыру үшін, Орталықтың жылдық жоспары бекітіліп, жыл соңына дейін қаладағы 360 мыңға жуық жасты қамту жоспарланып отыр.