Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қалалық Полиция департаментінің жұмысымен танысты. Кездесуде үшінші мегаполисті қауіпсіз қалаға айналдыру шараларын пысықтады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала басшысы халықтың жайлы орта, қауіпсіз қалада өмір сүруін қамтамасыз ету ортақ іс екенін айта келе, Жедел басқару орталығының жұмысын жандандыру керектігін жеткізді. Яғни, қаладағы барлық әлеуметтік маңызы бар нысандағы бейнекамераларды Жедел басқару орталығына қосуды ұсынды.
Департамент бастығы Думан Таевтың айтуынша, «Қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру аясында 479 «Pelco» бейнебақылау камерасы, 21 көше қиылысында 212 «Интегра» бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Ал «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы аясында 150 мемлекеттік мектепте 2 618, жекеменшік 36 мектепте 700 бейнебақылау камерасы орнатылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына біріктірілген.
Қалада соңғы үш жылда 3 868 бейнекамера орнатылды. Оның 1 500-і қоғамдық, 2 368-і жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылған.
Айта кетейік, алдағы уақытта қала аумағы тағы 1500 бейнекамерамен толықтырылады.
Сондай-ақ, қазір қала аумағында 16 мың жол белгісі қолданыста. Биыл 520 жол белгісі қайта қалпына келтіріліп, 3 мыңнан астамы жаңадан орнатылды. Келесі жылы тағы 6 мың жол белгісін орнату жоспарлануда.