Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қызылсай тұрғын алабындағы темір асты өткелінің құрылыс қарқынын көріп, атқарылып жатқан жұмыстың жай-күйімен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кірме жол құрылысына жалпы 10 техника жұмылдырылған. Жер асты жұмыстары жалғасып, инженерлік желілер қайта орнатылуда.
Мұнда көлік қозғалысын ашу жоспарланған. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 55%-ы орындалды. Жобаға сәйкес нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Қала басшысы бұл нысан тұрғындар үшін маңызға ие екенін айтып, жауаптыларға мердігердің құрылысты сапалы әрі мерзімінен кешікпей аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, Шымкентте алғаш рет топырақ жолға суық ресайклерлік өңдеуден кейін тұтас эмульсиялық минералды қоспасының 2 қабатын төсеу тәжірибесі қолданылды. Жол эксперимент жүзінде 400 метр қашықтықта Таңбалы тас көшесіне салынды.
Қала басшысы жаңа технология бойынша салынған жолдың сапасын тексерді. Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, әзірге эксперименталды жолдың сапасы жақсы. Егер қыс мезгілінде мәселе туындамаса, бұл жаңа әдісті қаладағы барлық топырақ жолға қолдану жоспарланып отыр.
Қала әкімі шалғай аудандарда топырақ жолдарға осы әдісті қолдану тұрғындардың жайлы жүріп-тұруын қамтамасыз етудің уақытша шешімі екенін алға тартып, қаладағы топырақ жолдың бәріне кезең-кезеңімен асфальт төселетінін жеткізді.