Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тассай шағын ауданында жүргізіліп жатқан табиғи газ жүйесінің құрылысымен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құрылыс жұмыстарын бақылаған қала басшысы мердігерге жұмысты жандандыру ғана емес, сапалы жүргізуді міндеттеді. Егер талаптары орындалмаса, тиісті мамандарға мердігерді жауапқа тартуды ескертті. Өйткені жергілікті тұрғындар орындаушылардың жауапсыздығынан зиян шекпеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ көгілдір отынның берілу мерзімі жайында халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Тассай шағын ауданындағы табиғи газ жүйесін тарту жұмыстары 2021 жылдың соңында басталды. Бүгінге дейін мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС жұмыс көлемінің 84 пайызын орындаған.
Газ тарату жүйесінің қуаттылығы – 12.5 м3/сағ, ал ұзындығы 68,8 шақырымды құрайды. Нысан келесі жылдың 1-тоқсанында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 3 345 абонент көгілдір отынмен қамтылады.
Сондай-ақ, Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге Нұртас шағын ауданын кәріз жүйесімен қамту жұмыстарын қадағалады. Құрылысқа 60 адам, 15 арнайы техника жұмылдырылған.
Қала әкімі мердігерге құрылыс нормаларын қатаң сақтау және халық қауіпсіздігі үшін құбырларларды жүргізуде арнайы белгілерді орнатуды ескертті. Сонымен қатар, желілерді орнату аяқталғаннан кейін жолдарды ретке келтіруді тапсырды.
Мердігер мекеме осыған дейін жұмыс көлемінің 67%-ын аяқтаған. Жобаға сәйкес 62,6 шақырым кәріз құбыры жүргізіледі. Нәтижесінде 3 мыңнан астам тұрғын үй орталықтандырылған кәріз жүйелеріне қосылады.