Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есептік кездесуінде жергілікті халық гүлзар салу бойынша мәселе көтерді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала басшысы жағдаймен арнайы танысып, тұрғындар мен кәсіпкерлердің талабын тыңдап, мәселені заң шеңберінде шешетінін жеткізген болатын.
Тұрғындардың тілегін ескерген қала әкімі мәселені өз бақылауына алып, жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпкерлік нысандардың жер телімдері мемлекет мұқтаждығына алынып, көптен бері түйіні тарқамаған мәселеге нүкте қойылды.
Бүгінде Түркістан көшесі мен А. Байтұрсынов көшелерінің қиылысында сквердің құрылыс жұмыстары басталды. Демеушілердің есебінен салынатын демалыс аумағы жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.
Қала әкімі құрылыс жұмыстарын бақылап, жауаптыларға гүлзарды сапалы салуды тапсырды.
Айта кетері, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен 7 қазаннан бастап «Таза қала — өзіңнен басталады» атты акциясы аясында жалпықалалық сенбіліктер басталды. Бұл акция қараша айында тұрақты түрде жалғасады.
Акция аясындағы алғашқы сенбілік барысында Шымкент қаласы әкімдігінің құрылымдық басқармалары және аумақтық органдары тазалық жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізеді. Ал, аудан әкімдіктері қоқыс жинақталған орындар мен Бадам өзенінің жағалауын тазалауға жауапты болады.