«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында мәслихат депутаттары мен фракция мүшелері Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың есептік баяндамасын тыңдады. Бұл туралы партия филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Шымкентте бүгінгі таңда 2023 жылдың 1 қарашасына дейін жалпы 18 956 адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде - 10607 адам тұрақты жұмысқа, 8349 адам субсидияланатын уақытша жұмысқа орналасқан.
Жастарға қолдау көрсету мақсатында биыл 261 азаматқа жеңілдетілген несие беру көзделген. Бүгінгі таңға 231 үміткер бизнес жобасын өз деңгейінде қорғап, комиссия қорытындысымен оң шешім тапты. Бес мыңнан астам жұмыссыз азамат қысқа мерзімді оқуға жолданып, кәсіптік білім алуда. Оқу сәтті аяқталған соң ол азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылады. Биыл қаламызда 452 адам грант иегері атанды.
Мүгедектігі бар азаматтарды оңалту шаралары мен зейнет жасындағы азаматтарға да әлеуметтік қолдау жұмысы қарқынды жүргізілуде. Еске сала кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасында қызметкерлердің құқықтарын қорғау, қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Жалпы, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде 2027 жылға дейін 1,5 миллионнан астам жасты жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланған.