«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Бұл туралы партия филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қала тұрғындарын жеке мәселе бойынша Шымкент қалалық мәслихат депутаты Юсупова Әлия қабылдады. Халық қалаулысының қабылдауына алғашқы болып қала тұрғыны Цой Людмила келді. Арыз иесінің айтуынша, оның әкесі саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылған азамат. 2003 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына арналған заң шыққан. Сол заң аясында аталмыш азаматтарға қоғамдық орындарда жеңілдіктер қарастырылған. Алайда айтылған жеңілдіктер уақытылы өз күшіне енбеген. Осы сұрақ бойынша қария кеңес сұрай келген.
Ал, Матеев Қажахмет үшінші шаһардағы Жиделі мөлтек ауданы тұрғындарының аманатын арқалай келген. Қала аумағаны жаңадан қосылған аталмыш елдімекенде медпункт мәселесі қиындық тудырып отыр. Ақсақалдың айтуынша, 800 отбасы қоныстанған Жиделіге бір медициналық пункт керек-ақ. Үлкен қарт кісілер, жас сәбилер үшін Тұрландағы емханаға қатынау қиындық тудыратынын жасырмады.
Ұлбала Сатибалдиева есімді азаматша баспанасын алаяқтар тартып алғанын, арыздың сотқа өтпей жатқанына шағым айтты. Қабылдаудағы мәселелер бойынша депутат тиісті органдарға ресми хат жолдайтынын, сәйкесінше арыз иелеріне ресми жауап беретінін жеткізді.
Партия филиалында осындай қабылдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Тұрғындардың талап-тілектері назардан тыс қалмайды.