Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков «Дені сау ұлт» жобасы аясында белгіленген 11 индикатордың 10 орындалған және 1 индикатор жылдың қорытындысымен есептеліп шығатынын айтты.
«Шымкентте өткен жылмен салыстырғанда өлім көрсеткіштері 17%-ға төмендеген. Оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 26%-ға, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 5%-ға, ана өлімінің көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 48.8%-ға төмендегенін көрсетіп отыр»,- деді қаланың бас дәрігері.
Сондай-ақ, Шымкентте эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасы жасалды.
«Шымкентте қалалық балалар клиникалық ауруханасында эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасы жасалған. Қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері 14 жастағы балаға алғаш рет «Эпилепсияның құрылымдық фармакорезистентті формасында VNS орнату» арқылы үлкен күрделі операция жасады. Баланың қазіргі жағдайы бірқалыпты, жақсы. Сондай-ақ 2023 жылғы шілде айында Шымкентте алғаш рет жүрек трансплантациясы және 10 LVAD отасы жасалған»,- деді Нұрлыбек Абибуллаұлы.
Шымкент қаласында халықтың медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі бойынша халыққа сапалы және уақытылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 20 медициналық ұйым аккредиттеуден өткен. Жыл соңына дейін медициналық ұйымдарды ұлттық аккредитациядан өткізуді 35 %-ға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қалалық диагностикалық орталық дәріханасы GPP стандартына сәйкес сертификатталған.
Сондай-ақ медициналық мекемеде GPS навигациясы базасында аймақтық медбикелердің қызмет көрсету аумағына байланысты аула аралау жұмысын қадағалауға арналған бақылау жүйесі енгізілді.
№ 1, 3, 7 қалалық емханаларда үздік практика орталықтарын ашу бойынша жол картасы бекітілді, қазіргі таңда оқыту жұмыстары жүргізілуде.