Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге Шымсити шағынауданынында бой көтерген Конгрес-холл ғимаратын аралап, атқарылған жұмыстармен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, нысанның персоналды басқару жүйесіне мамандар оқытылуда.
Заманауи талапқа сай жабдықталған ғимаратта халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге барлық жағдай жасалуда.
Жобаға сәйкес бірінші блокта мәдени іс шараларға арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2 066 орындық көрермен залы орналасқан. Сондай-ақ, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз залы, техникалық бөлмелер бар. Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы, шеберхана қарастырылған.
Қала әкімі жауаптыларға озық үлгіде жабдықталған жаңа нысанның мүмкіндігін арттыруда бірқатар тапсырма берді.
Конгрес-холл өндірістік кестеге сәйкес жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, қала әкімі Қайнарбұлақ елдімекеніндегі газдандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Бірінші кезеңде елдімекенге 233,4 шақырым құбыр тартылады. Қазір газ жүйелерінің 59%-ы жүргізілген. Өндірістік кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталады. Нәтижесінде 7 мыңнан астам абонент, 2 мектеп, 2 клиника және балабақша көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Екінші кезеңдегі 206,7 шақырым газ құбыры 7 217 отбасын, 9 мектеп, 3 клиника, 5 балабақшаны қамтиды.
Аяқталу мерзімі — келесі жылдың ІII тоқсаны.
Осыған дейін жұмыс көлемінің 46%-ы орындалған.
Қала басшысы жауаптыларға халықтың қауіпсіздігі үшін құрылыс талаптарын сақтауды ескертті. Сондай-ақ жұмыстарды сапалы аяқтап, мерзімінде атқаруды тапсырды.