Шымкент тұрғындары бір жылда 500 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын тұтынады. Бұл туралы Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Қала халқын ұнмен «Алтын-Дән», «Пионер», «Дос», «Тұрар», «Кемел ұн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қамтамасыз етсе, нан өнімдерімен «Ассоциация «НАН» қоғамдық бірлестігіндегі наубайханалар халық қажеттілігін өтеп отыр. Ал, макарон өнімдерімен «Барыс-2007», күнбағыс майымен «Шымкентмай», тауық еті және жұмыртқасымен «Шымкент құс», «Тассай құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 100 пайыз қамтиды. Сиыр етімен тұрғындарды 34 пайыз қамтамасыз етіп, қосымша қажеттілік Түркістан облысынан тасымалданады.
Басқарманың ресми деректеріне сүйенсек, сүт өнімдерімен қамту орта есеппен 40-50 пайызды құрап, қалғаны Солтүстік өңірлерден және Түркістан облысынан тасымалданады. Көкөніс өнімдеріне келсек, картоп – Павлодар облысы, Қырғызстан мен Ресейден, пияз – Жамбыл облысы мен Өзбекстаннан, сәбіз – Павлодар, Жамбыл, Түркістан облысы және Ресейден, ал қырыққабат Түркістан облысы мен Өзбекстаннан тасымалданады. Бакалея өнімдерінен қарақұмық жармасы Шығыс Қазақстан облысы мен Ресейден, күріш Қызылорда облысынан келеді.
Ал, шымкенттіктерді құмшекермен Жамбыл облысы мен Ресейдің, ас тұзымен Қызылорда облысының өндірушілері қамтамасыз етіп отыр. Аталған өнімдерді жеткізумен «Каис Инвест», «Ас-Ан», «Meir-Trade Distribution company», ЖК «Сидельников» және «Прима Дистрибьюшн» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, ірі дистрибьютерлік желілер айналысады.
Сонымен қатар, ұн, жұмыртқа, нан, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті өнімдерін өндіретін тауар өндірушілермен айналым бағыты бойынша келісімшарттар жасалған. Бұл қала тұрғындарына азық-түлікті тиімді бағада тұтынуға мүмкіндік береді. Ал, көкөніс өнімдерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақты ұстап тұру және баға өсімінің алдын алу мақсатында шаруа қожалықтармен форвардтық келісімшарттар түзілген.
Сондай-ақ, апта сайын жергілікті тауар өндірушілердің және шаруа қожалықтардың қатысуымен қаланың 8 жерінде жәрмеңке ұйымдастырылып, күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15 пайызға төмен бағада сатылуда.