Биыл мегаполисте 260 жұмыс орнын құруға бағытталған 16 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осыған дейін сүтті қайта өңдеуге бағытталған 3 кәсіпорын, 4 мал бордақылау алаңы, 3 сүт фермасы және жылыжай кешені іске қосылды. Бұл туралы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы хабарлады.
Биыл мегаполисте кластерлік жобаларды дамытуға басымдық берілген. Жаңа жобалар ірі кәсіпорындардың қуаттылығын арттырып, қала халқын азық-түлікпен қамту мәселесін шешуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері қалада құлпынай, ащы бұрыш, көкөніс, мал бордақылау, бал ара және балық шаруашылығына бағытталған 78 кластерлі жоба құрылған.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жылыжай шаруашылығына қолдау артып келеді. Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптік жылыжай шығынының 25 пайызы, тұқымдар мен тыңайтқыштарға жұмсалған қаржының теңге жартысына дейін үкіметтен төленеді. Одан бөлек, төмен пайызды несиелеу бағдарламасы қарастырылған.
Бұл көмек түрлері кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып, мегаполисте жылыжай шаруашылығын дамытуға септігін тигізуде.
Қазір қала аумағында 209 гектар жылыжай кешені бар, оның 71 гектары өнеркәсіптік жылыжайларға тиесілі. Бұл кешендерден жылына шамамен 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және тағы басқа да көкөніс түрлері өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа саудалануда.
Биыл тағы екі жылыжай кешенін іске қосу жоспарлануда. Онда 800 тонна құлпынай мен өзге де көкөністер өндіріліп, 30-дан астам адам жұмыспен қамтылатын болады.