Шымкент қаласының «Оңтүстік» индустриалды аймағында прократура өкілдері мен еңбек инспекторларының қатысуымен синтетикалық есірткінің қауіпі мен еңбек заңдылығын сақтау жөнінде жиын өтті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады. Алдымен қалалық прокуратураның басқарма прокуроры Қанат Дәрібай қоғамға үлкен қауіп төндіріп отырған нашақорлық жайында сөз қозғады.
–Синтетикалық есірткілер жасанды химиялық заттардан жасалады. Көбіне мұны есірткіге қауіпсіз балама деп сатады. Ал, шындығында химиялық есірткі адам болжап болмайтын қауіпті әсерге ие. Мұны қолдан жасағанда химиялық элементтер дұрыс араластырылмай, қабылдаған адам бірден қайтыс болуы да мүмкін. Негізінде синтетикалық есіткіні тұрақты қолданатын адамдар 5 жылдан артық өмір сүре алмайды. Мұндай нашақорлар көбіне жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болады. Нашақор болған адамда ең алдымен еңбек өнімділігі төмендеп, жұмысынан айырылады. Қоғамда абройынан, жақындарынан, отбасынан және баспанасын да жоғалтып алады. Сондықтан бұл індетпен қоғам болып бірге күресейік, - деді Қ. Дәрібай.
Мұнан кейін қалалық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов өндіріс орындарында еңбек заңдылығы жайында баяндады.
–Осы жылдың 10 айында азаматтардан еңбек құқығы бұзылғаны жайында 1301 арыз түсті. Соның аясында мекемелерге 277 тексеру ұйымдастырдық. Байқалғандай ең көп құқықбұзушылық жұмыс берушілер тарапынан орын алған. Жұмысшылардың еңбекақысын уақытылы төлемеу мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бұзу жағдайы жиі кездеседі. Бұл әкімшілік құқықбұзушылық болғандықтан ескерту мен айыппұл төлеуге алып келеді. Ірі кәсіпорындарға 150-200 АЕК, шағын кәсіпорындарға 60 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Азаматтарымыз ең алдымен жұмысқа орналасар алдында еңбек шартын жасау қажет.
Онда жұмысшының құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы толық қаралған, — деді басқарма басшысы.