Шымкет қаласы Қаратау ауданында 64 көшенің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов айтты.
Қаратау ауданы аумағында жалпы ұзындығы – 631 шақырымды құрайтын – 595 көше бар. Оның 364 шақырымы асфальт, 233 шақырым шағал тас болса, 33 шақырымды топырақ көшелерді құрайды.
2023 жылы 50 шақырымды құрайтын 70 көшені асфальттау жоспарланған. Қазіргі таңда, 64 көшенің құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 41 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары атқарылды.
2024 жылы жалпы 87 көшеге 48,8 км.асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қаратау ауданы аумағындағы орталық 91 көше жарықтандырылған. 2023 жылы аудан аумағындағы маңызға ие 30 көшені жарықтандыру жұмыстары атқарылуда. Ал, 18 көше тұрғындар тарапынан жарықтандырылып, Шымкент қаласының энерегетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының теңгеріміне өткен.
2025 жылға дейін аудан аумағындағы 150-ге жуық көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Аудан аумағындағы тұрғындардың өтініштері негізінде 240 орынға бейнебақылау камераларын орнату жоспарланған. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін атқарылатын болады.
Жалпы, Қаратау ауданына қарасты елді мекендердегі инфрақұрылым мәселелері кезең-кезңімен шешімін табатын болады.