Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Сәуле» шағын ауданындағы саябақтың құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Саябақтың құрылыс жұмысы осы жылдың шілде айында басталды. Бүгінде құрылыс өндірістік кестеге сәйкес атқарылуда. Өрнек тастар (5400 м2) салынып, аяқ жолдар мен вело жолдар төселінді. Сондай-ақ аққайын, үйеңкі, акация және қылқан жапырақтар отырғызылды. Оған қоса, автотұрақтың асфальтбетон жабындысы төселініп, қоршаулары орнатылды. Қазіргі уақытта түнгі жарық шамдарын құру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, футбол, баскетбол, балалар алаңшалары және воркаут алаңшалары салынған. Алдағы уақытта қала тұрғындарына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында жаяу жүргіншілер жолы мен орындықтар, қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылады. Демалыс орнын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Нысанның құрылыс барысымен танысқан қала басшысы жауаптыларға халық тынығатын орын болғандықтан, саябақтың құрылысы сапалы жүргізіліп, көркі көпшілік тамсанарлықтай болу керектігін жеткізді.
Сондай-ақ, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкент Сити шағын ауданындағы саябақтың құрылыс жұмысын аралап көрді.
Аталған шағын ауданда 3 аумақта саябақ салу жоспарланған. Бірінші аумақ 18 гектар, екінші 20,4 гектар, үшінші 6,9 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 18 гектар аумақтағы демалыс аймағында инженерлік инфрақұрылымдық жүйелері толық аяқталған. Ал 20,4 гектар аумақтағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Саябақты көгалдандыру алаңы – 128 036 шаршы метр. Мұнда 40 балалар ойын алаңшасы мен 19 спорттық алаңы орналасады. Сондай-ақ 2,8 шақырымдық веложол, жүгіру жолақтары және жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті мен 7 мыңнан аса гүл егу жоспарланған.
Бүгінде саябақтың құрылыс жұмыстары 80 пайыз аяқталды. Өндірістік кестеге сәйкес нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Қаланы жасыл желекке бөлеу мақсатында салынып жатқан саябақтың құрылысымен танысқан қала басшысы жауаптыларға халық тынығатын нағыз жайлы орта қалыптастыру керектігін жеткізді.