Шымкент қаласының туристік ағынын арттыру және туристік өнімді жарнамалау мақсатында Пекин қаласында туристік бизнес өкілдеріне ақпараттық «Road Show» ұйымдастырылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Роуд-шоуға түрлі туристік және әуе компаниялардың 40-тан астам өкілі қатысты.
Қатысушыларға Шымкенттің көрікті жерлерінің табиғи пейзаждары мен бейнероликтер көрсетіліп, ұлттық тағамдардың гастрономиялық дәмін тату және «Шымкент шайы» ұсынылды.
Жақында Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енген болатын. Бұл екі ел азаматтары үшін жеке істер, туризм, ем қабылдау, халықаралық тасымалдар, транзиттік және іскерлік мақсаттар бойынша шекара асатын жағдайда визалық талаптардан босатылып, туристік қатынастарда үлкен потенциал бермек.
Бүгінде 6 айлық статистикалық есептік көрсеткіш бойынша Шымкентке 215 098 турист келген. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 400 мыңнан асыру жоспарлануда. Соның ішінде сырттан келуші турист санын арттыруға аса мән беріліп отыр.
Айта кетейік, іс-сапар барысында туризм саласы өкілдерімен екіжақты ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Айта кетері, Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы әлемнің түкпір-түкпірімен байланыс орнатып, роуд-шоулар ұйымдастырып келеді. Осының нәтижесінде биыл 100-ден аса арнайы тревел блогерлер мен туристер келген. Шымкент қаласы бауырластық қатынастар аясында тиімді негізде сыртқы сауда, инвестициялар, туризм, ауыл шаруашылығы, ғылым мен білім, мәдениет, спорт және өнер саласында ынтымақтастық байланысын күшейту мақсатта Түркия, Италия, Ұлы Британия, Қытай Халық Республикасы, Беларусь, Таиланд, Тәжікстан, Қырғыстан, Грекия сынды елдердің 13 қаласымен бауырластық байланыс орнатты.