Шымкентте жылына 200 мыңнан астам ойыншық өнімдері өндіріледі. Бүгінде бұл бағытта үш кәсіпорын іске қосылған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өндіретін өнім көлемі бойынша ауқымдысы - "Оңтүстік" индустриялық аймағында орналасқан пластикалық ойыншықтар шығаратын кәсіпорын. 2016 жылы қолға алынған 33,5 млн. теңгені құрайтын инвестициялық жоба әртүрлі типтегі ойыншықтар шығаруға бағытталған. Қазір мұнда 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Зауыттан жылына 150 мыңнан астам пластикалық ойыншықтар шығарылуда.
“Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Зауыт иелеріне инфрақұрылыммен қамтылған жер телімі берілді. Жергілікті өндіріс орны былтыр "Халыққа арналған ең жақсы тауар» номинациясын иеленген болатын. Бүгінгі таңда кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Алдағы уақытта кәсіпкерлер қытайлық әріптестерімен бірлесе жаңа бағыттарды іске қосуды жоспарлауда. Зауытта автоматтандырылған құрылғылардың көмегімен жұмсақ ойыншықтар шығарыла бастайды.
Сондай-ақ “Baby plast”, “Сайрам Пласт” кәсіпорындары да тапсырыспен ойыншық өнімдерін шығаруда. Қазір қала аумағында өндірілген балалар ойыншықтары Қырғызстан, Өзбекстан елдері мен еліміздің барлық қалаларына сатылуда.
Айта кетері, Шымкентте 2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,8 трлн. теңгеге 275 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Онда жаңа 32 мыңнан аса жұмыс орындары ашылады.
Оның ішінде, 2023 жылы құны 128 млрд. теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 108 жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.