1684 жылы тұңғыш рет конституциялық дәрежедегі «Жеті жарғы» өмірге келді. Белгілі тарихы Бахадыр Айтайдың жазуынша, ол Мәртөбедегі мәслихатта қабылданды. Оған Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерден өзге Жайма, Сасық, Көкім билер де қатысты. Мәртөбенің «Ұлы дала парламенті» аталуы содан болса керек.
Жазушы Әбіш Кекілбаев журналистерге берген сұхбатында: «Бәріміз де оңтүстіктен шыққанбыз. Бұл сөзді жалпы адамзаттық мағынада да, етене ұлттық мағынада да бір сәт естен шығаруға болмайды» дей келе, Мәртөбені көркейту керектігін жергілікті билікке жеткізген-ді. Нәтижесінде Мәртөбе биігі бүгінгідей керемет көрініске ие болып отыр.
Мәртөбе – орта ғасырлардағы ел билеушілердің қасиетті ордасы. Ұлы Дала парламентінің символы. Мәслихат төбелердің төресі. Бұл жерге барған адам «Қазақтың кім екенін білгің келсе, мамырда Мәртөбеге кел!» деген сөздің тектен-текке айтылмағанын бірден ұғады.
Жасыратыны жоқ, біз көбіне «Тәуелсіздікке найзаның ұшымен, білектің күшімен жеттік» дейміз ғой. Ал, азаттыққа сөз өнерімен, мәмілегерлікпен де қол жеткізуге болатынына өткен тарих куә. Қарап отырсаңыз, бұл да күрестің бір түрі.
Кезінде осындай бәтуаласудың ордасы болған Мәртөбе Шымкент қаласы Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабынан Қарамұрт ауылына қарай шыға беріс жолдың сол жақ бетінде орналасқан. Көне қалашықтың орны. Биіктігі 6-7 метрді құрайды. Төбесі тегіс.
Мәртөбеге 2020 жылдың 2 қазанында судьялар сот қызметкерлерінің атынан болашақ ұрпаққа өсиет хат жазылған капсула салынды. Онда 14-15 ғасырларда бастау алатын қазақ тарихы мен елімізде бүгінде қолданыстағы заң үстемдігі баяндалған.
Қорыта келе айтарымыз, ел тарихында айрықша мәнге ие осындай қасиетті орындардың бірлігімізді бекемдеп, елдігіміздің еңсесін тіктеуіне қосқан үлесін біз ешқашан ұмытпаймыз.