«Қазақты танығың келсе, мамыр өте Мәртөбеге кел!». Бұл сөзді Тәуке хан хандар мен билер кеңесі өтетін Сайрамдағы Мәртөбеге қатысты айтқан деседі.
Тарих ғылымының кандидаты Бахадыр Айтайдың жазуынша, жалпы, сол уақыттарда алқалы жиын ұйымдастырылатын төбелер аз болмаған. Айталық, Түркістан жанындағы Битөбеде, Сайрамдағы осы Мәртөбеде және Ташкент облысының Піскент ауданындағы Күлтөбеде жоңғарлармен соғыс кезеңінде жиі кеңес өткізіліп отырған. Сонымен қатар, өлкетанушылар үшінші мәслихат төбе ретінде Ордабасыны айтады.
1978 жылы Шымкент педагогикалық институты жанындағы археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі, археолог Николай Подушкиннің отряды Мәртөбеде алғаш рет қазу, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы отрядтың құрамында Николай Подушкиннің баласы А.Н.Подушкин де болды (Бүгінде ол ОҚМПУ-дің профессоры). Оның айтуынша, Мәртөбе шығыстан батысқа қарай үйілген, қолдан жасалған төбе. Бұл маңнан жануарлардың сүйектерінен өзге ештеме табылмаған. Соған қарағанда, ол зороастризм заманынан келе жатқан киелі жер болуы керек. 1994 жылы «Бас энциклопедия» баспасынан шыққан «Свод памятников Южного Казахстана» атты жинақта да осылай деп топшыланады.
Төбеге анықтап қарасақ, шынында да оның оңтүстіктен батысқа, құбылаға қарай бұрылып тұрғанын байқау қиын емес. Бұл туралы бірнеше рет қайта басылып шығарылған «Сайрам туралы Рисала» атты көне кітапта да жазылған. Ал, М.Қашғари еңбектерінің бірінде «Сайрам және оның айналасындағы үлкен аймақта жоғары мәртебеге ие болған шігіл тайпасы жасаған, олар исламды қабылдағанға дейін зороастризмді ұстанған. Екі тілде сөйлесуі олардың соғдылармен жақын көрші болғанын көрсетеді» делінген. Демек, мұнда шігілдер жылына бір мәрте Мәртөбеде діни рәсімдерді атап өтіп отырған.
Мәртөбені солтүстігінде Қаратау, шығысы мен оңтүстігінде Алатау және Қазығұрт таулары қоршап тұр. Батыс жағы ғана ашық. Содан ба, онда мамыр айының екінші онкүндігінде тауға табыну рәсімі орындалған. Қазақ рулары мен тайпалары, билері мен ақсақалдары Мәртөбеде мәслихат өткізудің маңыздылығы зор деп ұққан. Хақназар ханнан бастап Абылай ханға дейінгі қазақ хандары негізінен еліміздің оңтүстігін мекендеген.
Тәуке хан билігі тұсында қазақ қоғамы батысқа еліктеп саяси өзгерістер жасауға қадам басты. Мәселен, ерекше құқыққа ие хан кеңесі мен билер кеңесіне сайлаулар жүргізілді. Хан кеңесіне алғаш рет билер мен батырлар қосылды. Олар бұрынғы хан жолдарының ескіруіне байланысты жаңа жарғы үлгілерін жасау қажеттігін көтерді.