Бас жоспарға сәйкес Шымкенттің жер көлемі ұлғайғаны белгілі. Енді әкімдік бос жатқан жерлерді игеруге кірісті. Жақында 775,8 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Бұл жерлерді осы уақытқа дейін ешкім қолданбаған. Мамандардың мәліметінше былтырғы жылы қолданылмаған 472,5 гектар жер анықталыпты. Соның 74,5 гектары кезінде бизнеске бөлінген болатын, 398 гектар жер - ауыл шаруашылығына арналған. Ал биылғы жылдың жартысында тағы 211 учаске анықталды. Олардың жалпы көлемі - 302,3 гектар. Соның 173 учаскесі - бизнеске, ал 38 учаскесі ауыл шаруашылығына берілген.
Мысалы, Бәйдібек би даңғылының бойынан жалпы ауданы 5,9 гектар болатын 24 жер учаскесі бөлінген, дегенмен, олар пайдаланылмады. Қонаев даңғылының бойынан жалпы ауданы 7,4 гектар болатын 21 жер учаскесі, ал Алматы айналма тасжолының бойынан 37 учаске бөлінген. Бұл жерлер анықталғанымен, жер инспекциясы оларды мемлекет меншігіне қайтару бағытында жұмыс жүргізбеген. Енді ол жерлер аудан әкімдіктеріне қайтарылып, спорт-сауықтыру және ойын алаңшаларының құрылысына беріліп, ел игілігіне пайдаланылатын болады.