Биыл Шымкентте 8 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Атап айтқанда №28, 30, 43, 47, 64, 65, 104 және 116 орта мектептер оқу жылында оқушыларды жаңа келбетімен қарсы алмақ. Сонымен қатар №40 және №118 балабақша мен Жастардың уақытын тиімді пайдалану орталығы да білім бөлімінің тапсырысымен күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алдағы уақытта Шымкент қаласы білім басқармасының бақылауында болады.
Басқарманың жауапты өкілі Махаббат Махамбеткәрімнің айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары берілген кестеге сай жалғасуда. «Шымкент шаһары ірі мегаполистер қатарына қосылды. Шілде айында қалалық білім бөлімі басқарма болып қайта құрылуына байланысты қаржы бөлу біршама уақытқа тоқтатылып, қайта жалғасты. Осыған орай мердігермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қаржы тамыз айында берілетіні ескертілген, – дейді ол. Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы анықталған жеті мердігер мекеме 118 мектепті ағымдағы жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтаған. Ал жылу жүйелерін сығымдау жұмыстарын тағы алты мердігер жүргізуде. Олар жұмыстарын келісім-шарт бойынша 11 тамызға дейін аяқтауы тиіс. «Қазандықтары қатты отынмен жылытылатын 22 білім беру мекемесіне 5 056 тонна көмір қажет болса, оның 1 500 тоннасын тиісті орындарға «KazTransSpecStroy» ЖШС жеткізіп берді. Ал қазандығы сұйық отынмен жылытылатын үш мекемеге (№49, 95, №10 б/б) 228 тонна сұйық отын сатып алу конкурсын «Бибо$Company» ЖШС ұтып алды, -дейді М.Махамбеткәрім.