Екі мың жылдан астам тарихы бар Шымкенттің өсіп-өркендеуіне Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың қосқан үлес мол. Асқаров қаланы басқарған тұста бүгінде шаһардың мақтанышына айналған дендрологиялық саябақ, зообақ, «Тұлпар» балалар темір жолын салды. Қала тарихында өшпес ізін қалдырған тұлғаны ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы.
Қаланың орталығында Асанбай Асқаровқа арналған ескерткіш пен гүлзар бар. Тұрғындар мен қонақтар кейде гүл шоқтарын қоятын орын бүгінде шымкенттіктердің сүйікті демалыс аймағына да айналған. Жақында аталған гүлзар қайта құрудан өтіп, құрылысы аяқталған болатын. Ел игілігіне берілген аумақ көздің жауын алады.
«Жасыл қала» МКК жұмысшылары екі мың шақырымнан астам аумақты қалалықтар демалатын орынға айналдырды. Сала мамандарының айтуынша, мұнда 470 шаршы метр аяқ жол салынып, көкмайса егілген. Және үлкенді кішілі жиекшамдар орнатылып, орындықтар мен қоқыс құтылары қойылған. Гүлзарда демалушылар маманларға алғысын білдіруде.