Бүгінгі таңда Шымкент қаласына 46 балабақша қажет және олардың барлығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынады деп күтілуде. Қазіргі таңда мегаполисте 459 мектепке дейінгі мекеме бар. Жақында балабақшалардың қатары тағы біреуімен толықты. Жаңа ғимарат шағын Самал шағынауданында ашылды. «Лилия» балабақшасының ашылу рәсіміне білім бөлімінің басшылары қатысты. Балабақша 100 балаға шақталған, қазіргі таңда мұндағы 75 орынға мемлекеттік тапсырыс бар. Жолдама алған балалар үшін төлемақы көлемі мемлекеттік балабақшалармен теңестірілген. Балабақшада 4 топ бар. Ұжымның ұстанған негізгі бағыты - бүлдіршіндерді салауатты өмір салтына баулу. Мұнда заманауи сауықтыру әдістері жан-жақты ойластырылған. Балалардың дене шынықтыру шараларына белсенді қатысуға мүмкіндік бар. Сумен ширықтыру және жаттығу терапиясынан (физиотерапия) бөлек мұнда музыка, хореография және ағылшын тілдерінде қосымша сабақтар өтіледі.
Айта кетейік, биыл шаһарда 69 764 бала балабақшада білім алады. 88 балабақша мемлекеттік меншікте. Онда 24 261 бүлдіршін тәрбиеленуде, мектеп жанынан ашылған 20 шағын орталықта - 1070 бала, жекеменшік 351 балабақшада 32 572 бүлдіршін бар. Мектепке дейінгі білім беру топтарында (5-6 жас) 11 861 бала қамтылып отыр.