Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды, – деген еді. Еңбек адамы деп өзінің кәсібін терең меңгерген адамды айтуға болады. Ол – дәрігер, мұғалім, фермер, кәсіпкер т.б. Қазір еңбек адамы, адал нәсіп тауып жүрген жандар кеңінен насихатталып жүр. Біз сөз еткелі отырған жан өнер адамы әрі педагог деуге болады. Шымкенттік тұрғын Ботагөз Маратқызы педагог хореограф, «Балауса» би студиясының жетекшісі. Аталған салада 15 жылдық тәжірибесі бар маман қазіргі таңда мың бұралған жас бишілерді тәрбиелеп, қазақ өнерінің, биінің дамуына ат салысып жүр.
«Студиямыз жұмысын бастағанына 7 жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында шәкірттерім талай доданы топ жарып, жүлделі орындарға ие болды. Қазіргі таңда қала бойынша үш бөлімшеміз бар. Қазақ ұлттық билерін, заманауи, гиманстикалық элементтері бар би түрлерін балаларға үйретемін. Студияда 500-ден астам балалар білім алып жатыр. Жалпы би өнері балалардың денсаулығына, жүріс-тұрысына, ортамен араласуына өз септігін тигізіп жатыр. Бізде 3,5 жастан 15 жасқа дейінгі қыз балалар қатысады. Жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі топқа бөлінген. Мен өз мамандығымды жақсы көремін. Осы мамандығымның жақсы көріп бар жан-тәніммен жұмыс істеуімнің арқасында ата-аналар маған балаларын сеніп тапсырады. Сіздер де өз мамандықтарыңызды жақсы көріп, жан-тәніңізбен жұмыс істеңіздер. Алға ұмтылыңыздар, шаршамаңыздар, талмаңыздар»,- дейді Ботагөз Маратқызы.
Әркім өз еңбегі арқылы мемлекетті көркейте білсе, сонда ғана мемлекет қуатты болады. Адам қандай мамандық иесі болса да, өз ісінің шебері болуы керек. Сондықтан әрбір адам өз қабілетіне қарай мамандық таңдауы керек. Еңбекті сүю, еңбек ете білу, өз болашағың мен елдің келбетін адал еңбек арқылы қалыптастыра білу де – өнер.
Қазақтың ғажайып қолөнері, өнер туындылар, киіз үйі, тұрмыс, салт бұйымдарының барлығы да ерен еңбек пен ғаламат шеберліктің жемісі. Сол секілді би өнері де Ботагөз секілді білікті мамандардың арқасында болашақ ұрпаққа жете бермек.