Кезекті Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы еңбек адамы мемлекетіміздің басты тірегі екенін тағы бір мәрте түйіндеп берген еді. Бұл мәселе елдік даму мен өркениет көшіне бет бұрудың басты бір жолы деп түсінеміз. Арамызда қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандар қаншама. Солардың ішінде әлеуметтік сала қызметкерлері қанша жерден тынымсыз еңбек етіп жүрсе де, көбіне көп назардан тыс қалып жататыны белгілі.
Ал бұл мамандық иелері ең үлкен құрметке лайық, өйткені көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық жасау осы мамандардың қолында. Әлеуметтік қызметкер – бұл тек кәсіп иесі ғана емес, өзгенің мұң-мұқтажына бей-жай қарай алмайтын мейірлі жан. Жауапты жұмыс еңбекқорлық пен іске деген адалдықты ғана емес, сонымен бірге сезімталдықты, үлкен шыдамдылықты, жанашырлықты қажет етеді.
Осындай білікті де, жанашыр маманның бірі Белекбаева Сәрсекүл – өз қызметіне жауапкершілікпен қарайтын, адал да абыройлы еңбек ететін білікті маман. С. Белекбаева 1964 жылы 13 мамырда Түлкібас ауданында дүниеге келіп, С. Сейфуллин атындағы мектепті тәмамдаған соң, 1982 жылы Шымкент қаласындағы №150 Қалалық кәсіптік-техникалық училищеде білім алған.
Аталған оқу орнын бітірген соң, түрлі салаларда қызмет атқарып, өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігі арқылы ерекшеленген. Өздігінен қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті қарттарға қамқорлық танытып, үлкен тәжірибе жинады. 2006 жылдан бастап әлеуметтік салада, оның ішінде үй жағдайында арнаулы қызметтер көрсетіп келеді.
Қамқорлыққа мұқтаж жандарға көрсетер әлеуметтік қызметтің қыры мен сырын терең меңгерген тәжірибелі маман ретінде ол жас қызметкерлерге үнемі үлгі-өнеге көрсетіп жүретін мінезі ашық, қарапайым жан ретінде өзін қалыптастырды.
Ол әлеуметтік салада көмекке мұқтаж ардагер қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әрдайым қайырымдылық көрсетіп, құзырлы мекеме ұйымдармен қоянқолтық жұмыс жасап келді.
Қазір Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№7 үйде қызметтер көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкер болып еңбек етуде. Сәрсекүл Алпысқызы – ұзақ жылғы еңбегін әлеуметтік салаға арнаған, еңбек тәртібі мен орындаушылық жауапкершілікті қатаң сақтайтын жан.