Қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеру – тек материалдық емес, рухани ұстаным болуы тиіс. Өйткені еңбектің еленуі – адамның ішкі жан-дүниесінің жарықтануы. Адал еңбекпен күн кешкен адамда ар азбайды, ниет бұзылмайды. Осындай адал жандар – мемлекеттің де, ұлттың да, ұрпақтың да шынайы тірегі. Бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа тек білім ғана емес, еңбекке құрмет, тазалыққа сүйіспеншілік, ортаға жауапкершілік секілді қасиеттерді дарыту аса маңызды.
Еңбек адамы ретінде еңбек жолын өзгелерге үлгі ретінде көрсетуге тұрарлық кейіпкеріміз Шымкент қаласының тұрғыны - Айжан Әліпбаева. Ол 1987 жылы Түркістан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. 2003 жылы Абай атындағы жалпы орта мектепті тәмамдап, 2007 жылы Шымкент қаласындағы «Отырар» университетінде «Химия және биология» мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Айжан Адырбекқызы – отбасылық құндылықтарды жоғары қоятын аяулы ана, адал жар. Ол – екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған ардақты жан.
Айжан Әліпбаева - еңбек жолын Түлкібас ауданындағы Балықты ауылында орналасқан «Сүйек туберкулез ауруханасында» тазалаушы болып бастады. 2014-2018 жылдары Састөбе ауылындағы балабақшада тәрбиеші қызметін атқарса, 2018-2019 жылдары «Шымкент қаласы әкімдігінің халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығында» әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант болып қызмет етті.
2019 жылдың мамыр айынан бастап Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман ретінде адал қызмет етіп келеді.
Айжан Адырбекқызы – өз ісіне шынайы берілген, жүрегі мейірімге толы жан. Ол қарт кісілерге қамқорлық жасап, олардың өмірін жеңілдетуге, қуаныш сыйлауға бар күш-жігерін арнап келеді. Оның мамандығы тек кәсіп емес, үлкен жанашырлық пен адамгершілікті талап ететін маңызды іс.
Орталыққа келуші қарттар Айжанның еңбегін жоғары бағалап, үнемі ақ батасын беріп, шынайы ризашылығын білдіреді. Ол өз қызметінде адалдық, төзімділік және үлкен жауапкершілікті ұстанып, адамдардың өміріне жылулық пен сенім сыйлайды. Қарапайым қызмет атқарып жүріп, үлкен міндет арқалаған жандардың еңбегі – әрқашан құрметке лайық. Айжан Адырбекқызының өмір жолы – қазіргі жастар үшін де, болашақ аналар мен еңбек иелері үшін де үлкен сабақ.