Жұмысқа мойны жар бермейтін еріншектік, масылдық адам баласын жақсылыққа апармайды. Жұмыс жасаймын деген адамға, екі қолға бір күрек қашан да табылады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әлеуметтік көмек көрсету жүйесін сынға алып, қоғамда масылдық психологияға жол бердік деп айтқан болатын. Бұл қандастарға да қатысты. Кейбір қандастар келеді де маған жер берсін, үй берсін деп мемлекетке алақан жаяды. Сондықтан келген қандастарымыздың бойындағы масылдық мінез-құлықты құртуымыз керек. Бәріміз Қазақстан үшін жұмыс істеуіміз керек. Десек те қандастардың қоғамға бейімделіп кетуіне, жұмыспен қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп келеді.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» қандастарды жан-жақты қолдау жұмыстарын жалғастырып, олардың жаңа ортаға еңбекке бейімделуіне ықпал етті.
Орталық елге оралған қандастарға қажетті ақпараттарды ұсынып, олардың құжатын рәсімдеуге, қазақ және орыс тілдерін үйретуге ықпал етеді. Мұндай бастама қандастардың жергілікті ортаға жылдам бейімделуіне оң әсерін тигізеді.
Қандастарға Қазақстанның тарихы, мәдениеті, заңнамасы түсіндіріліп, ұлттық дәстүрлерге баулу іс-шаралары өткізілді. Сонымен қатар, театр, музей, концерттік бағдарламалар мен тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылды.
2024 жылы орталыққа 31 отбасы (80 адам) уақытша қоныстанып, олардың бірқатары кіші кәсіптік мамандықтар бойынша оқытылды. Бір қандас Еңбек мобильділігі орталығы арқылы пішуші-тігінші мамандығын иегеріп, онлайн платформада «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша алғашқы кәсіпкерлік дағдысын қалыптастырды.
Қандастардың жаңа кәсіп үйренуіне «Бақытты жанұя» орталығындағы курстардың елеулі үлесі бар. Орталық арқылы 11 қыз-келіншек жаңа кәсіптың қыр-сырына қанық болып, сертификат алды. Нәтижесінде қандастар тігінші, аспаз, шаштараз сынды мамандықтарды меңгеріп, тұрақты жұмысқа орналасты.
Қандастарды бейімдеу орталығында 42 қандасқа азаматтық алу, әлеуметтік жәрдемақыларға өтініш беру және көші-қон квотасына ену мәселелері бойынша заңгерлік кеңес берілді. Орталық алдағы уақытта да қандастардың жаңа өмірге бейімделуіне, әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады.