Қазақстандағы туризмді белсене қолға алып, қызу дамытуға ең қолайлы да аса бейім облыс орталықтарының шырайлы Шымкент шаһары. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты өсімді көрсетіп келеді. Осы кезеңде қала экономикасының өсімі 12 % құрап, бюджет көлемі 779 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 123 млрд теңгеге көп дейді сала мамандары.
Жасыл желекті қаланың әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп қана қоймай, көз тартар сұлу, әсем, таза шаһар болуы керек. Тазалыө пен әсемдік қала тұрғындарының жайлылығы үшін ғана емес шаһарға келер қонақтар мен туристер үшін де аса маңызды. Театр киім ілгіштен басталса, тазалық кіре берістен басталады. Сондықтан жауапты қызметкерлер қаланың кіре берісінен бастап, барлық көшенің көркіне мән беріп, еңбек етуде. Әсіресе тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым мәселелері күн тәртібінен түскен емес.
Шымқалада 2023–2029 жылдарға арналған «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» аясында көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы мүлкіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы қала аумағындағы 26 көпқабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Аталған бағдарлама шеңберінде Тұран ауданы, 4-шағынауданда орналасқан №21 үй мен Володар көшесіндегі №9 үйге күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, бұл тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылып, шатырлары толықтай ауыстырылды. Сонымен қатар, кіреберістер мен бастырмалар орнатылып, кешенді жаңғырту жұмыстары атқарылды.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің мамандары хабарлайды.
Байтұрсынов көшесі №94 мекенжайындағы тұрғын үйде де шатырды ауыстыру, кіреберісті ретке келтіру және бастырма орнату жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда бұл нысанда қасбетті жаңарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Аталған жұмыстар қыркүйек айына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жыл басынан бері қалада 6 көпқабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, олар толық пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта аталған нысандарды қабылдау бойынша тиісті құжаттар әзірленуде. Қалған 20 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Айта кету керек Шымкент қаласының тұрғындары күрделі жөндеу жұмыстары бойынша «қайтарымды қаражат» негізінде «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-не жазбаша өтінім бере алады.