Мемлекет әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар санаттағы азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек беріп келеді. Енді бұл көмекті тағайындау, бақылау оңтайлана түсті.
Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау рәсімін оңтайландыру мақсатында «FSM Social» пилоттық жобасы іске қосылды. Аталған жоба қазіргі уақытта Қарағанды облысында және Шымкент қаласында жүзеге асырылуда. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік комиссиялардың жұмысы толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, мобильді қосымша арқылы жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Жобаның мақсаты – шешім қабылдау үдерісін жеделдету, формальды тексерулерді болдырмау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту. Жаңа қосымша арқылы өтініш берушінің нақты орналасқан жері анықталып, отбасының материалдық жағдайы фотофиксация арқылы тіркеледі және арнайы акт жасалады.
Қала аумағындағы төрт аудан бойынша құрылған мобильді топтар (жалпы саны 752 лауазым иесі) өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды уақтылы анықтап, кешенді әлеуметтік көмек көрсетуге жұмылдырылған.
Пилоттық жоба Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде бекітіліп, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының үйлестіруімен жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыруға «Отбасын қолдау» орталығы жауапты.
Жоба шеңберінде денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер және пробация қызметтерінің өкілдерімен бірлескен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Арнайы оқыту курсынан 552 қызметкер өтті. Қазіргі таңда жүйеде 240 мемлекеттік мекемеден 1 297 маман тіркеліп, өз қызметін атқаруда. Жүйеге 1 547 отбасы туралы мәлімет енгізіліп, оның ішінде 1 199 отбасы әлеуметтік кеңес алған.
Мемлекеттік мекемелерден 348 сигнал тіркелсе, соның 58-і пробация қызметінен келіп түскен. Бұл азаматтардың басым бөлігі жұмыссыздық пен материалдық қиындықтарға тап болған. Аталған мәліметтер еңбек мобильділігі орталығына және тиісті аудан әкімдіктеріне жолданып, нәтижесінде 4 азамат жұмыспен қамтылып, бірнеше отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ орталық тарапынан құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілуде. Алайда кейбір азаматтардың банк шоттарының бұғатталуы олардың жұмыспен қамтылуына кедергі келтіріп отыр.