Еңбектің жаманы жоқ, ал еңбексіз – адамның күні қараң. Қоғамда көзге көп көріне бермейтін, бірақ оларсыз халықтың тұрмыс-тіршілігін елестетуге болмайтын мамандықтар бар. Олардың бірі – слесарь жұмысы. Асқан шеберлік пен қажырлы еңбекті қажет ететін бұл мамандық иелерін – нағыз еңбек адамдары дер едік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деп атап өтті. Шымкент қаласында көп жылдан бері өз кәсібімен адал айналысып жүрген жұмысшылардың бірі – Өтебек Есалиев. Ол «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалында жерасты газ құбырларын жөндеу және эксплуатациялау жөнінде 4 разраядты слесарь қызметін атқарады. Аталған мекемеде табандай 22 жыл адалынан қызмет етіп келеді.
«Осы салада 22 жыл қызмет етіп келемін. Менің жұмысым көбінесе көзге көрінбейді. Мен тікелей тұтынушылармен байланысқа түспесем де күнделікті өмірді қалыпты ұстап тұру үшін өз міндетімді атқарып келемін. Біз жылдың төрт мезгілінде, күндіз де, түнде де газ құбырында қандай да бір ақау пайда болса мен бірден іске кірісемін»,- дейді кейіпкеріміз.
Еңбек адамы жұмыста тамаша маман болса, отбасында тамаша отағасы және әке. «Менің керемет отбасым бар. Олар әрқашан мені кез-келген жағдайда қолдап келеді. Менің жұбайым менің сенімді серігім. Үш тамаша немеренің атасымын. Олар менің өміріне ерекше мән береді»,- дейді слесарь.
Өз ісінің нағыз шебері жұмыстағы басты қаиғам адамдардың қауіпсіздігі дейді «Мен үшін ең маңыздысы адамдардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан қателікке бой алдыруға құқым жоқ. Мұндайға жол бермес үшін әрдайым ізденіп жүремін. Жұмысым өзісе ұнайды»,- дейді ол.
Тәжірибелі маман өзінің негізгі міндеттерінен бөлек жас мамандарға қамқорлық көрсетіп, білгенін үйретеді. Оның айтуынша, бұл салада жақсы маман болудың сыры – күнделікті жұмыстың қыр-сырын үйренуге талынып, тәжірибе жинау.
Сондай-ақ, Өтебек Алтынбекұлы бос уақытын жақындарымен өткізгенді ұнататынын, салауатты өмір салтын ұстанатынын атап өтті.
Қажырлы, жанашыр, қамқор Өтебек Алтынбекұлы секілді еңбек адамдарының шеберлігі мен маңдай тері ел дамуына қосқан зор үлесі деп білеміз.