Табиғат - бұл бізді қоршаған орта. Қоршап тұрған ортаның таза, көрікті болуы әрқайсымызға тығыз байланысты. Табиғатта тамаша бір қасиет бар. Оның өзі бөліп шығарған қалдықтардан адамдардың көмегінсіз-ақ өзін-өзі тазартып алады екен, ал адам баласының бөліп шығарған көң-қоқсығынан ақыл-оймен өмірге келген халық шаруашылығының, құрылыстың улы, зиянды қалдықтарынан өздігінен тазалануға табиғатта шама жоқ.
Тазалық - баршаға ортақ іс. Туған қаламыздың тазалығы өзімізге тығыз байланысты.
Осы мақсатта Шымкент қаласының Еңбекші ауданы аумағында заңсыз құрылыс жұмыстарының алдын алу және жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлер аумағында құрылыс материалдары мен инертті қалдықтардың заңсыз төгілуіне жол бермеу мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан мәліметке сәйкес аталған бағыттағы кезекті түсіндіру жұмыстары бүгін аудан әкімдігі мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметімен бірлесіп өткізілді. Шара барысында Іляев және Писсарев көшелеріндегі тұрғындарға санитарлық талаптарды сақтау және рұқсатсыз қалдық төгудің заңға қайшы екені жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тексеру кезінде кейбір тұрғындардың көшеге өздігінен құрылыс қалдықтарын төккені анықталды. Құқық бұзушыларға заң талаптары түсіндіріліп, тиісті ескертулер берілді. Тұрғындар қалдықтарды жақын күндері өз күшімен тазалайтындарын айтып, заң талаптарын сақтауға дайын екендіктерін білдірді.
Еңбекші ауданы әкімдігі мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын, тұрғындарды қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақыратынын ескертеді.
Айта кетейік, елімізде экологиялық мәдениетті нығайту мақсатында ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында бүгінде қалада көптеген ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.
Еңбекші ауданында акция аясында көптеген сенбілік ұйымдастырылып, оған 50-ге жуық мекеме мен ұйымның қызметкері, сондай-ақ тұрғындар да ат салысуда. Табиғатты аялауға арналған бұл бастамаларға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және кәсіпкерлік саласының өкілдері белсенді түрде қатысып келеді. Бұл қала тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, жайлы өмір сүруге деген ұмтылысын айқын көрсетеді.