Темір жол – ел экономикасының күретамыры, ал оны қалыптастырып, дамытқан теміржолшылардың еңбегі зор. Солардың бірі – 14 жылын осы салаға арнаған білікті маман – Ержан Тургимбаев. Ол – ТД-16 Шымкент айналым депосының 3 дәрежелі электровоз машинисі қызметін атқарады. Шойын жолда жүйіткіген темір тұлпарды басқару үлкен жауапкершілік. Машинист өзін өзге салада елестете алмайтынын айтады. Себебі теміржолшы болу оның бала күнгі арманы. Мектепті аяқтаған соң Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында түсіп, 2009 жылы «Локомотив шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алып шығады. Оқуды тәмамдаған жас түлек сол жылы Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Әскерден келе сала, 2011 жылдың қаңтар айынан бастап осы темір жол саласында үздіксіз еңбек етіп келеді.
«Негізінен елімізде бұл мамандық иелері таптырмайды. Таңдаған мамандығым өзіме ұнайды. Қазіргі жұмысым да көңілімнен шығады. Алғаш жұмысқа тұрған кезімде 5 жылдай машинисттің көмекшісі болдым»,- деген кейіпкеріміз білімін толықтыру мақсатында Павлодар қаласында машинист мамандығы бойынша 6 ай оқу курсын тәмамдап шығады. Біліктілігін жоғарылатқан соң 2016 жылдан бастап машинист қызметіне кіріседі.
«3 жылдай Депо кезекшісі қызметін атқардым. Бүкіл қозғалыс, тасымал локомотив бригадалары арқылы жүзеге асыралса, сол машинистердің жұмысын жоспарлап, белгілі бір кестемен басқарып отыратын - осы депо кезекшісі. Бұл қызметті абыроймен атқарып кейіннен 3 дәрежелі электровоз машинисі қызметіне ауыстым. Шымкент айналым депосы - локомотив саласы мамандарының қызметке кірісетін басты орны. Жалпы локомотив бригадасы үлкен жұмыс атқарады. «Қазақстан теміржолы» ел экономикасын дамытуға ат салысып келе жатқан мекеме болса, біз де соған мейілінше өз үлесімізді қосуға тырысып келеміз. Табысталған жүкті қаладан-қалаға аман жеткізу жолында аянбаймыз» ,- деген еңбек адамы түнгі ұйқыдан қысылғаның болмаса, бұл мамандықтың қызықшылығы көп дейді.
Ержан Қанымханұлының жұбайы педагогика саласында қызмет атқарады. Бір қыз, бір ұл өсіріп отырған үлгілі отбасы балаларының да елге қызмет қылар азамат болып қалыптасуы жолында тұщымды тәрбие беріп отыр.
Локомотив жүргізушілері - теміржол көлігінің элитасы болып табылады және нағыз адал, қажырлы еңбектің жарқын үлгісі дер едік.