Техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттыру – бүгінгі білім беру жүйесінің өзекті міндеттерінің бірі. Кәсіптік колледждердің түлектері отандық өндірісті дамыту, оның қарқынды өсуі, елдің экономикалық тәуелсіздігіне қол жеткізу, демек, баршаның гүлденуі мен әл-ауқаты үшін негізгі адам капиталын құрайды.
Мемлекет жастардың жоғары деңгейдегі кәсіптік білімге қол жеткізуі үшін барлық шараларды қабылдауда.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Шымкент қаласында бірқатар шаралар атқарылып, кәсіптік білім беретін оқу орындарының жұмысын жетілдірілуде.
Айталық колледждердің білім беру бағдарламаларын жақсарту мақсатында, Шымқаладағы 16 колледжде құзыреттілік орталықтары құрылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл орталықтар студенттерді әлемдік стандарттарға сай оқытуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, алғаш рет 3 колледж – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі, Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі, сондай-ақ Индустриалды-техникалық колледж Францияның аккредиттеу агенттігінде халықаралық аккредитация рәсімінен өтуде. Бұл халықаралық аккредитация колледждердің білім беру деңгейін жоғары сапаға көтеруге септігін тигізеді.
Қандай оқу орны, қандай мамандық болмасын студенттер үшін ең маңыздысы ол теория мен қатар практиканың болуы. Себебі тәжірибе - жас маманды шыңдайды, өз ісінің шебері етіп, ертеңгі еңбек жолын жарқын етеді. Әрі өндірістік тәжірибе -сапалы маман даярлаудың кепілі. Осы орайда Шымқалада қазіргі уақытта дуальды оқыту жүйесі аясында 165 кәсіпорын 25 колледжбен тығыз байланыс орнатқан. Осы шеңберде қаламыздағы ірі 42 кәсіпорын 25 колледжді қамқорлыққа алған, ал 26 педагог кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтіп, тәжірибелік білімдерін арттырып, өндіріс орындарындағы кәнігі мамандардан сабақ алуға жол ашылуда. Дуальды оқыту жүйесі студенттердің тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндірістік жағдайларда тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.
Осындай форматтағы тығыз ынтымақтастық оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болып, жұмыспен қамтылу мүмкіндігін айтарлықтай арттыруға ықпал етіп отыр. Мұндай ынтымақтастық екі тарапқа да айтарлықтай пайдасын тигізері сөзсіз.