Еңбек адамы – қоғамның айнасы. Сол себепті еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген осындай жұмысшы мамандар жастарға үлгі болуы тиіс. Еңбек адамының мәрбесін көтеру, олардың маңыздылыңын арттыру және еңбек жолдарын жастарға насихаттау, оларды еңбексүйгіштікке баулу және кәсіптік мамандықтарды тауңдауға жол ашу бағытында Шымкент қаласында тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Жақында «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада «Жұмысшы – мерейлі мамандық» атты тақырыптық сурет көрмесі өтті. Кітапхананың Мерзімді басылымдар бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылған көрмеде қатысушыларға жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орны мен маңызы кеңінен насихатталды. Көрме аясында көрермендерге фотоқұжаттар, отандық басылымдарда жарық көрген мақалалар мен түрлі жұмысшы кәсіп иелерінің суреттері ұсынылды. Сонымен қатар, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың өмірбаяны, жетістіктері мен қоғамға сіңірген еңбегі туралы тың мәліметтер көпшілік назарына ұсынылды. Көрмені қаладағы колледж, жоғары оқу орындарының студенттері мен кітапхананың тұрақты оқырмандары тамашалады. Олар дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, токарь, теміржолшы секілді мамандықтардың ерекшеліктерімен танысып, еңбек майталмандарының бейнесін көкейге түйді. Кітапхана ұжымы атап өткендей, мұндай көрмелер жастардың еңбекке деген құрметін арттырып қана қоймай, олардың мамандық таңдаудағы көзқарасын кеңейтеді. Сонымен бірге жұмысшы еңбегі тек дене күшіне емес, терең білім мен шеберлікке негізделетіні де жан-жақты көрсетілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Білім мен тәжірибесі бар жұмысшы – еліміз үшін ең құнды ресурс. Жұмысшы мамандықтарын насихаттап, бұл бағыттағы көзқарасты өзгертуіміз керек» деп атап өткен болатын. Бұл тұжырым көрме барысында жастарға кеңінен насихатталып, маңыздылығын ұғындырды.
Айта кетейік, мемлекет тарапынан еңбек адамын қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар іске асуда. «Еңбек» ұлттық жобасы, «Жастар практикасы», «Бастау Бизнес», қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары – осының нақты дәлелі. Бұдан бөлек, өңірлерде жыл сайын «Еңбек жолы» конкурстары, үздік мамандарды марапаттау рәсімдері ұйымдастырылып келеді.