Шымкент қаласының дамуы жолында жол инфрақұрылымы мен көлік саласын өркендету міндеттеріне үлкен жауапкершілік жүктелген. Қала, мегаполис секілді кез келген елдімекеннің күретамыры – қоғамдық көліктер. Оның ішінде жолаушылар автобустарының алар орны ерекше. Бұл саладағы қызмет сапасы неғұрлым жақсарған сайын қала тұрғындарының күнделікті өмірі соғұрлым жақсара түседі.
Үшінші мегаполисте қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы жылдан жылға жақсарып келеді.
Осы орайда, Шымқаланың қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру, тұрғындардың қатынау мүмкіндігін арттыру және жолаушылар сұранысын қанағаттандыру мақсатында бірқатар тұрақты автобус маршруттарының қозғалыс сызбаларына өзгерістер енгізілгенін Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Атап айтқанда, Алтын Орда шағынауданы тұрғындарының өтінішіне орай, №171 бағыттағы автобустар енді Егемен Қазақстан көшесінен Кенарал көшесіне бұрылып, әрі қарай Ақбұтақ көшесі арқылы қатынайтын болады. Бұл өзгеріс аталған аумақтағы тұрғындардың көлікке қолжетімділігін арттырады.
Сондай-ақ, Тұран-2 шағынауданы тұрғындарының ұсыныстарына сәйкес, №17 және №75 бағыттағы автобустардың қозғалыс сызбасы жаңартылып, аталған бағыттар Қазтуған жырау көшесі арқылы қызмет көрсетеді. Бұл шешім тұрғындардың күнделікті қатынауын оңтайландыруға бағытталған.
Өзгерістерге қатысты нақты қозғалыс сызбасы ұсынылған.
Шымкентте қоғамдық көлік бағдарлары жаңартылуына байланысты «Шымкент қаласының жолаушылар көлігі жүйесін дамытудың кешенді схемасы» жобасы іске қосылды.
Жобаның басты мақсаты – қала тұрғындары үшін қоғамдық көлікте жүруді ыңғайлы ету, бағдарларды оңтайландыру, күту уақытын қысқарту және қызмет көрсету сапасын арттыру.
«Бұл өзгерістерді енгізу барысында сіздің пікіріңіз маңызды, сондықтан сізді онлайн-сауалнамаға қатысуға шақырамыз. Сауалнама нәтижесі жаңа бағдарларды жоспарлау, қозғалыс кестесін үйлестіру және қызмет сапасын жақсарту барысында ескеріледі»,- дейді салаға жауапты мамандар.Жобаға қатысу үшін 10 тамызға дейін http://avtobys.kz/survey
ұсыныстарыңызды пост астына пікір ретінде де қалдыра аласыз.
Қоғамдық көлік қызметін жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Жолаушылардың талаптары мен ұсыныстары басты назарда.