Көлік қатынасын жүйелеудің нәтижесінде бүгінде жолаушылар тасымалының сапасы айтарлықтай артқан. Үшінші мегаполисте жолаушылардың саны да, оларға көрсетілетін қызметтің әлеуеті де артып келеді.
Шымкент қаласында жолаушылар тасымалы саласы кезең-кезеңімен жаңартылып, заманауи технологиялармен жабдықталуда. Өңірлік коммуникациялар қызметі мамандарының хабарлауынша бүгінгі таңда қалада 82 бағыт бойынша 1120 автобус тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетуде. Бұл бағыттарда 11 көлік компаниясы жолаушылар тасымалымен айналысады.
Қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттыру және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында аялдама атауларын дыбыстық хабарлау жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба жеке инвестор – «Smart Mobility» ЖШС қолдауымен жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта бұл жүйе 1003 автобуста орнатылып, күнделікті жолаушыларға сапалы әрі нақты ақпарат ұсынылуда. Жыл соңына дейін қалған 117 автобуста (төрт компанияға тиесілі) дыбыстық хабарлау жүйесі толық енгізіледі деп жоспарланып отыр дейді мамандар.
Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін дыбыстық хабарлау жүйесі барлық автобустарға 100 % көлемде орнатылады. Бұл бастама қаладағы қоғамдық көлік қызметінің қолжетімділігін арттырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған.
Қала халқына қолайлы жағдай жасау үшін қоғамдық көлік жүйесінің қызметі жылдан жылға жақсарып, жаңарып келеді. Осы ретте тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, былтырдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүретін азаматтардың санатына 70 жастан асқан зейнеткерлер мен мектеп оқушылары енгізілді.
Тасымалдаушы компанияларға автобустардың аялдамаға тоқтамауы және тыс жерлерден жолаушыларды отырғызу, түсіру, кешігу фактілері бойынша жауапкершілігі күшейтіліп, салынатын айыппұл көлемі 2 есеге ұлғайтылғанын айта кетейік.
Қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылап, кестеден ауытқуды автоматты түрде айқындайтын жүйе енгізілді.
Нәтижесінде, өткен жылы анықталған фактілерге сәйкес, 585,5 миллион теңге бюджет қаржысы үнемделді.
Ашықтықты қамтамасыз етіп көлеңкелі ақша айналымын заңдастыру мақсатында қоғамдық көліктердегі қолма-қол ақша төлемін толығымен алып тастап, тек электронды төлем жүргізу бойынша шешім қабылданды.