Жаңа оқу жылының басталуына 1 ай уақыт қалды. Әне, міне дегенше мектептердің есігі балаларға айқара ашылып, сынып іші оқушыларға толады. Ал бұл күні әсіресе, алғаш рет мектеп табалдырғын аттайтын балақайлар үшін ерекше күн болмақ. Биылғы оқу жылында 27 546 шымкенттік бүлдіршін 1 сыныпқа қабылдануы жоспарланған.
2025-2026 оқу жылына арналған 1-сыныпқа қабылдау науқаны Шымкентте белгіленген тәртіпке сай қарқынды жүргізілуде. Науқан ағымдағы жылдың 1 сәуірі мен 31 тамызы аралығында жүзеге асырылады. Құжаттарды қабылдау – алты жасқа толған немесе күнтізбелік жылы алты жасқа толатын балалардың ата-аналары мен заңды өкілдерінен электронды және қағаз форматта қабылдануда деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
2025 жылғы сәуірдің 1-інен бүгінге дейін 21 097 өтініш қабылданған. Оның ішінде: электронды түрде – 16 893, қағаз нұсқада – 4 204 өтініш. Тілді оқыту бағыты бойынша: қазақ сыныбына – 12 777, орыс сыныбына – 4 818, өзбек сыныбына – 3 499 оқушы қабылданды. Бұл қабылдау жоспарының 76 пайызы орындалғанын көрсетеді. Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Барлық білім беру ұйымдарында құжаттарды қабылдау eGov.kz порталы арқылы онлайн форматта және мектеп әкімшілігіне тікелей тапсыру арқылы жүргізілуде. Мектептерде жауапты мамандар бекітіліп, ата-аналарға түсіндіру және кеңес беру шаралары ұйымдастырылды.
Апта сайын мектеп әкімшіліктері ата-аналармен кездесу өткізіп, қабылдау талаптары, қажетті құжаттар мен мерзімдер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мектептердің ресми сайттары арқылы ақпараттық хабарламалар таратылып отыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64, 2025 жылғы 8 мамырдағы №320 қаулыларына сәйкес, жаңа оқу жылында әлеуметтік осал санаттағы 56 430 оқушыға 46 500 теңгеден бір реттік қаржылай көмек көрсету жоспарланған. Бұл көмекке атаулы әлеуметтік көмек алатындар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан оқушылар кіреді. Аталған мақсатқа жалпы сомасы 2 млрд 623 млн 995 мың теңге бөлінуі жоспарлануда.