Аялдама павильондары жаңартылуда

image.png

Қаладағы аялдамалар бұл — тек тұрғындарға қажетті нысан ғана емес,  тұрғындардың көңіл-күйіне де оң әсер ететін ұсақ, бірақ маңызды нысан. Аялдамалар – қала көркіне сән береді. 

Жаңарған, таза әрі ұқыпты инфрақұрылым — жайлылық пен тәртіптің белгісі. Мұндай жұмыстар қаламыздың көркін арттырып, оған деген құрметті оятады.

Осы орайда Шымкент қаласында қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған бұл шаралар аясында жаңа үлгідегі аялдама павильондары орнатылып, шаһардың көлік мәдениетіне серпін беруде. Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай  бүгінде қала аумағында 2335 аялдама орны тіркелген. Брифингте қала әкімінің орынбасары  Сәрсен Құранбек 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жолаушы тығыз орналасқан, сұранысы жоғары аймақтарда 300 жаңа аялдама павильоны пайдалануға берілгенін мәлімдеді.   Олар екі түрлі заманауи үлгіде орнатылуда: «Тип 20» – берік металдан жасалған, ұзақ мерзімге жарамды конструкциялар; «Тип 22» – шыны материалдардан құрастырылған, эстетикалық талаптарға сай павильондар.

 Сонымен қатар, қоғамдық кеңістіктегі тілдік мәдениетті арттыруға баса назар аударылуда. Қалада аялдамаларға қазақ тілінде атау беру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда 1062 аялдама атауы ресми түрде орнатылды. Бұдан бөлек, 771 аялдамада жолаушыларға арналған ақпараттық тақтайшалармен жабдықтау жұмыстары аяқталды.

  Жеке инвесторлар есебінен де бастамалар қолға алынған. Қазіргі таңда қалада 62 коммерциялық аялдама павильоны салынуда. Дегенмен, аялдамаларға қатысты тұрғындар тарапынан ескерту мен сын-ескертпелер де жоқ емес. Әлеуметтік желілерде “Ақмешіт” аялдамасындағы ақпараттық тақтайшада кеткен қателікке байланысты мәселе көтерілген болатын. Жауапты мекемелер бұл қателікті мойындап, тиісті ескерту жасап, қоғамдық көлік кестесі мен бағыт сызбасына қатысты толықтырулар енгізу бойынша тапсырма берді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, барлық түзету жұмыстарының қолға алынғанын хабарлады. Сондай-ақ Абай ауданы, Сыпырған ата көшесі бойындағы аялдамада да атау қатесі анықталған. Бұл жерде "Е. Сыпатаев" орнына "Қ. Сыпатаев" деп көрсетілгені белгілі болды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлеуметтік нысандардың құрылысы тексерілді
  • Жаяу жүргіншіге де жауапкершілік жүктеледі
  • Аялдама павильондары жаңартылуда
  • Адам саудасына қарсы кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізілуде
  • Қоғамдық кеңесте маңызды мәселелер қаралды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер