2025 жыл – жұмысшы мамандықтардың қадірін арттырып, шынайы еңбектің бағасын ұғынатын жыл. Осы орайда, ел экономикасының алға басуына үнсіз үлес қосып жүрген мамандардың бірі – Көлік жөндеуші!
Көлік жөндеуші – бұл темір тұлпардың тынысын тыңдап, ақауын анықтап, қайтадан жолға шығуына жан бітіретін нағыз шебер.
Жеңіл көлік, жүк көлігі немесе арнайы техникалар болсын – бәрінің «жаны» осы маманның қолында.
Бұл мамандық – тек қол еңбегі емес, бұл – логика, дәлдік, және жауапкершілік. Әрбір гайка мен болт – адам өмірінің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Автокөлік әлеміне қызығатын, жаңа технологияларды меңгеруге құштар жастар үшін – көлік жөндеуші мамандығы болашақтың өзегі болмақ! Адам ауырса дәрігерге барады, ал көлік бұзылса көлік жөндеушіге алып келеді. Себебі автослесарь көліктерді «емдейтін дәрігер». Осындай өз ісінің шебері, нағыз еңбектің жемісін жеп жүрген жанның бірі
Шымкент қаласының тұрғыны - Бекзат Мырышов. Мамандығынан арланбайтын, керісінше мақтан тұтатын оның қызметіне бүгінде жүгінушілер көп.
«Көліктің ақауларын қарап, тексереміз. Жөндеуге тиіс жерлерін жөндеймін. Мотордың дауысынан ақ қай жері істен шыққанын, оның ішкі құрысылындағы әрбір бөлшекті рентген секілді көріп тұрамыз. Қала көшелерінде өзім жөндеген көліктерді кейде көріп қаламын. Зуылдап бара жатқанын көргенде өзіме риза боламын. Қазақ еліне жаны аштын, өз ісін сүйіп істейтін азаматтар көп болса екен деймін. Қандай жұмыс болса да арланбай, еңбектеу керек, еріншектікке салынбаған жөн. Ең бастысы әрбір адам алдына мақсат қойып, осы жолда тер төксе, міндетті түрде жетістікке жетеді»,- дейді кейіпкеріміз.
Көлік жөндеуші қозғалтқыш, тежегіш жүйесі, трансмиссия, электронды басқару жүйелері секілді түрлі агрегаттармен жұмыс істейді. Ол ақауды анықтап қана қоймай, оны сапалы әрі қауіпсіз түрде жөндей білуі керек. Сонда ғана адамдардың сенімінен шығып, білікті маман атанады. Бекзат ағамыз секілді өз ісінің шеберіне сенім артатындар көп. Оның басты қағидасы – ешкімнің ала жібін аттамай, табысын адалынан табу.
Қазіргі таңда көлік жөндеуші мамандарына сұраныс өте көп. Себебі қалада көлік саны жылдан-жылға артып келеді. Сол себепті еңбек нарығын толықтыру үшін Шымкент қаласындағы колледждерде автослесарь мамандығы заманауи тәсілдермен оқытылып жыл сайын жас мамандар түлеп ұшуда.