Медицина саласында дәрігерлердің оң қолы атанған мейірбике мамандығы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әлеуетті мүмкіндігі орасан қызметтің бірі. Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, жан-жақты, күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсететін жандар. Бүгінгі медбикелерді тек дәрігер айтқанының орындаушысы ғана деп түсінуге болмайды. Олардың міндеті – адамдарды, отбасыларды, халықты психикалық, физикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйретіп, дағдыландыру. Осындай ауыр жүкті арқалаған мейірбикенің бірі - Әлия Сәдібекова. Ол Шымкент қаласындағы тарихы терең мекеме – Облыстық клиникалық ауруханасының №1 емханасының аға мейірбикесі. Медицина саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқанына 40 жылдан астам уақыт болған.
Бұған дейін мекеменің бірнеше бөлімінде аға мейірбике қызметін абыроймен атқарған. Соның ішінде неврология бөлімесіндегі жұмыс ауыр болғанын жасырмайды. «2011 жылы сол кездегі бас дәрігеріміз Мұқан Егізбаев неврология бөліміне ауыссаң, онда атқарылатын біраз жұмыстар бар. Ретке келтіру керек» деп сонда ауыстырды. Бөлімшеде жүйке жүйесі сыр берген, шаршаған, жүйке жүйесі бұзылған ауыр диагнозды науқастар, ерекше күтімді қажет ететін инсульт алған науқастар жатады. Олармен тіл табысу, көңілінен шығу, ем-дом көрсету оңай емес. Жұмыс барысында неше түрлі оқиғалар болатын. Соның барлығына қарамастан бұл қызметті сеніп тапсырған соң абыроймен атқарып шығуға тырыстым»,- деген кейіпкеріміз ширек ғасырға жуық қызмет өтілінде 10 –ға жуық бас дәрігермен жұмыс істеген.
«Мен өзімді басқа салада, тіпті басқа ауруханада елестете алмаймын. Мектеп бітіргеннен бастап осы мекемеде жұмыс істеп келемін. Ауруханаға әбден үйреніп қалғанмын, екінші үйім секілді. Жастайымнан жетім қалғасын мұндағы әріптестерім менің туыстарыма айналды. Мен өз мамандығымды жақсы көремін»,- деген Әлия Әжібекқызы пацинеттермен шынайы әңгімелескенді жақсы көреді екен. Айтуынша науқастармен тіл табысу емнің маңызды бөлшегі.
«Мейірбикелер науқастарды жылы жүзбен қарсы алып, жылы сөзін аямаса, ауруынан айығуға көмектеседі. Мейірбике - тек дәрімен ғана емес жылы сөзімен де адамдамды емей алады. Сондықтан біздің қызмет аса жауапты іс»,- дейді ол.
Ұжымға сыйлы маман отбасында үлгілі жар, аяулы ана, мейірімді ана.