Өрт сөндіруші батырлықтың символы

image.png

Өрт сөндіруші әлемдегі ең қиын мамандықтардың бірі. Бұл салада қызмет ету үшін үлкен жүрек керек. Тілсіз жау салғырттықты кешірмейді. Оқыс жағдай кезінде жылдам шешім қабылдап, табандылық таныту маңызды. Осындай жауапкершілігі мол жұмысты атқарып жүрген өрт сөндірушінің бірі – Ғалымжан Битанов. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық –құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесі  №2 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі.

Отан үшін отқа түсіп жүрген кейіпкеріміздің бұл мамандыққа деген аңсары бала күнінен  ауған. Әкенің ізінен еріп, өкше басып келе жатқан ол мамандығын адаспай тапқан. Айтуынша әкесі осы салада 25 жыл қызмет істеп, абыроймен зейнетке шыққан. 

«Әкеме қарап оның жұмысына, батылдығына қызығатынмын.Сөйтіп әкемнің жолын қуып, мен де осы мамандықты таңдадым. Әкемнен, аға буыннан, ұжымнан үйренгенімізді қазір кейінгі жастарға үйретіп жүрміз»,- дейді ол.

 Өрт сөндірушіның басты қасиеттері батыл жүрек, тез шешім қабылдау және ширақтық. Себебі өрт кезінде әрбір секунд қымбат. «Өрт кезінде ең алдымен адамдарды, кейіннен мүлікті құтқарамыз. Жұмыс барысында қиындықтар кездесіп тұрады. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің жоғары қабаттарында шарпыған жалынды сөндіру қиынға соғады. Кейде аулаға кіретін жолды көлденең қойылған  көліктер жауып қалады. Мұндай сәттерде айналма жолмен баруға тырысамыз. Ең бастысы елдің алғысы. Халықтың жылы сөзі бізді қанаттандырады» - деген кейіпкеріміз, қып-қызыл жалынмен бетпе-бет келгенде қорқыныштың болатынын жасырмайды. «Ең алдымен отбасымды ойлаймын. Аман-есен үйге оралуымды тілеймін»- дейді ол. Ғалымжан – отбасында адал жар және төрт баланың әкесі. Перзенттерінің бойына  адалдық пен батылдықты бойына сіңіріп келеді. 

Дабыл қағылғанда өрт сөндірушілер арнайы киімді 25 секундтың ішінде киіп үлгеруі тиіс. Салмағы әжептәуір киіммен жүгіру, қимылдау оңай емес. Соған қарамастан олар шапшаң қимылдайды.  Бұл мамандық иелері физикалық, психологиялық даярлық оқуларын оқып тұрады. Жалпы жұмыс күні темірдей тәртіпке байланған. Ғалымжан Битановтың айтуынша, өзі қызмет етіп жүрген бөлімнің техникалық жабдықтары мен өрт сөндіру автомобильдері түгел жаңа.

Он жылдан астам уақытын осы салаға арнаған  бейбіт күннің батыры - Ғалымжан Битанов түрлі төсбелгі мен марапаттардың иесі. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Текесу тұрғын алабына 14 шақырым су құбыры жүргізілді
  • Көксайлықтар жаңа пәтерге қоныстанды
  • Көліктің «дәрігері» - автослесарь
  • «Таза Қала» атты профилактикалық іс-шарасы: Тазалық пен тәртіп- басты назарда
  • Президент Антониу Гутерришке алғыс айтты
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер