«Ұстаз» сөзінің астарында терең білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатыр. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейтіні де мәлім. Бірақ осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты таңдап, ағарту саласында еңбек етіп келе жатқан ұстаздар да бар. Солардың бірі - Шымкент қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ мектеп лицейі физика пәнінің мұғалімі Нұржан Әлжанов. Бүгінде оның шәкірттері халықаралық сайыстарда топ жарып жүр.
Халықаралық қазақ түрік университетінің физика және информатика пәні бойынша жоғары білім алып, еңбек жолын 2004-2005 жылы Шымкенттегі техникалық лицейде физика пәнінің мұғалім болудан бастаған. Анасы Гауһар Бекқұлықызы да саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған. Кейіпкеріміздің осы бір қастерлі мамандықты таңдауына да анасының өмір жолы себеп болыпты.
Нұрланның шәкірттері Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанған. Сондай-ақ Санкт-Петербургтегі техникалық университетінің гранты да жеңіп алыпты.
«Физика пәні – қызықты әрі күрделі. Сабыр, қайсарлық, табандылық пен ізденімпаз болу, жеке тұлғаның өзін-өзі жетілдіру жодары терең еңбекті қажет етеді. Қазіргі оқулықтар жаңартылған оқу мазмұнына сәкестендіріліп, жүйелі, мазмұнды жазылған. Электронды оқулықтар да жеткілікті»,- дейді ол.
Нұрланның жұбайы Дана Жүнісбекова да үздік педагог. Ерлі-зайыптылар бірлесіп, 7-10 сыныптарға арналған физикадан есеп шығаруға арналған арнайы оқу-әдістемелік құрал жазып шыққан. Ол оқушылардың есеп шығару дағдысын қалыптастыруға арналған деңгейлік тапсырмалар жинағынан тұрады. Бұл оқулықтар Түркістан облысының білім беру ұйымдарының бағдарламасына енгізілген.
«Алдағы жоспарым қазақ балаларының рухани құндылықтарын байытатын жаңа технология жасау. Мәселен отандық өнімді шығаруды жоспарлап отырмын. Қазір жасанды интеллект жүйелері сұраныста, сондықтан осы салада жұмыс істеу қажет»,- дейді Нұрлан Нұрханұлы.
Еңбекпен көгеріп, елдің, жастардың алғысын арқалап жүрген ұстаз 20-дан астам оқушысын додаларда алға сүйреп, өзі 40-қа жуық мадақтама, алғыс хат, сертификаттар мен үздік педагог атағын алған білікті маман. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші Нұрлан ұстаз шәкірт тәрбиелеуден қажыған емес. Керісінше ол өз жұмысынан, мамандығынан ләззат алатын білікті мұғалім.